
Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов “Nur Otan” партиясының жергілікті филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Аудан басшысының қабылдауына келген тұрғындардың дені атаулы әлеуметтік көмек мәселесін алға тартса, бірқатар азаматтар жер алу, баспанаға қол жеткізу сұрақтары бойынша жүгінді.
Әрбір тұрғынның өтінішін жеке тыңдаған аудан әкімі оларды орындау үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар әлеуметтік көмек сұраған азаматтарға мүмкіндігінше қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Саумалкөл ауылының тұрғыны Татьяна Широбокова көпбалалы ана ретінде 5 айдан бері атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүр. Оның айтуынша, көмек тағайындауға қажетті құжаттарды үстіміздегі жылдың маусым айында Володар ауылдық округіне тапсырған. Біраз уақыт өткеннен кейін аудандық жұмыспен қамту орталығынан құжаттарының өтпегенін біледі. Яғни, жауапты азаматтардың салғырттығынан көпбалалы ана тиесілі атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай келген.
Ал көпбалалы ана Гүлмира Джуминова аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының қате есептеуі салдарынан артық алған ақшаны қайтару үшін қиындыққа тап болғанын айтты. Өзінің және жұбайының да тұрақты жұмыс орны жоқ болғандықтан, қосымша қаржы табу оларға қиындық туғызуда.
Нұртай Сейтенов тұрғын үй мәселесі жөнінде бірнеше рет аудан басшысының қабылдауында болғанымен, оның мәселесі әлі де шешімін таппай келген еді. Аудан әкімі азаматтың өтініші жақын арада шешілетінін жеткізді.
Аудан басшысының қабылдауында болған тұрғындар сумен қамту, жеке кәсіп ашу үшін арнайы жердің қажеттігі, көпқабатты үйлердегі жылудың жоқтығы мәселелерін де көтерді.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.