Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен “Ананың жасаған жақсылығы” атты концерт және жәрмеңке болып өтті. Қоғамдағы отбасының мәртебесін көтеріп, көпбалалы аналарды қолдап, оларға жан-жақты көмек көрсетуді мақсат еткен іс-шараға жергілікті атқарушы биліктің өкілдері, “Қызылжар аналары” қоғамдық бірлестігінің мүшелері, жас аналар қатысты. Шара барысында 25 балаға аяқкиім табыс етілсе, жәрмеңкеден түскен 45 мың теңгеге мектепке қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, оқушыларға үйлестірілді.
– Бұл “Мектепке жол” акциясы аясында өткізілген шара. Жақсы дәстүрге айналған осындай кездесулерді жиі өткізуге тырысамыз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева.
Аталмыш қауымдастық ұжымы мұндай қайырымдылық шараларының өткізілуіне жыл сайын қатысып, өз үлестерін қосып келеді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.