
Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынды облыс әкімі Ерік Сұлтанов: “Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!” – деп бастады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Тәуелсіз еліміздің керегесін нығайтып, шаңырағын биікке көтеруші – аналар!” – деген болатын. Бүгінгі күні мемлекетіміз отбасының, ана мен баланың жағдайын жақсарту жолында бар мүмкіндікті жасауда. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған сайын, бұл қамқорлықтың саны мен сапасы да өсуде. Бала мен ананың өмірін лайықты қамтамасыз ету – мемлекет стратегиясының басым бағыты.
Нәзік жандар мемлекеттік және саяси қызметте, сондай-ақ, бизнес саласында ер-азаматтармен қатар орасан зор еңбек етуде. Біз бүгін көптеген әйелдердің туған өңірінің дамуына айтарлықтай өз үлестерін қоса отырып, жауапты мемлекеттік және қоғамдық қызметтерді алып жүргенін, ірі кәсіпорындарды табысты басқарып отырғанын байқаймыз. Қазір өңірдегі 22 мың шағын және орта бизнес субъектілерінің үштен біріне жуығын әйелдер басқарады. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешенінде, ауыр өнеркәсіпте, облысымыздың фабрикалары мен зауыттарында еңбек ететін әйелдердің орны бөлек. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау сияқты маңызды салаларда қызмет ететін әйелдер де құрметке лайықты. Қария аналарымызға ерекше алғыс айтуымыз керек.
Олар өздерінің тынымсыз да жанқияр еңбектерімен еліміздің табысты дамуының берік іргетасын қалады.
Бір сөзбен айтқанда, әйелдеріміздің талмас қуаты, кенен ақылы мен өмірге деген сүйіспеншілігінің арқасында біз бүгінгі белестерден көріндік, – деді өңір басшысы.
Одан кейін кезек марапаттау шараларына тиді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен алты бала туып, тәрбиелегені үшін марапатталған Айыртау ауданындағы Кирилловка орта мектебінің мұғалімі Дина Әрімханға, Тайынша ауданындағы үй шаруасындағы әйел Күлзира Нұролдаға және петропавлдық үй шаруасындағы әйел Любовь Сбродоваға облыс әкімі “Күміс алқа” тапсырды.
Салтанатты жиын барысында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан зор үлестері үшін бір топ әйел азаматты облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады. Солардың ішінде өңір басшысына өзіне көрсетіліп отырған құрмет үшін алғыс сезімін білдірген Мағжан Жұмабаев ауданынан келген әлеуметтік қызметкер Валентина Морозованың сөзі өте әсерлі шықты. Жас кезінде тракторшы болған, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланған еңбек ардагері еліміздің бүгінгі шыққан биігіне Елбасының зор еңбек сіңіргенін тебірене сөз етіп, жиналғандарды алдағы Президент сайлауына белсене қатысуға шақырды.
Салтанат соңы концертке ұласты. Мерекелік шараға қатысушылар осында ұйымдастырылған Халықаралық әйелдер күніне арналған “Арманмен қанаттанған” фотокөрмесін де тамашалады.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.