«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАЛЫҚ АҚ КӨҢІЛМЕН

Қазақтың көрнекті ақындарының алдыңғы қатарынан ойып тұрып орын алған, өзіне Тәңір бұйыртқан талантымен елге танылған жұбайым, шаңырағымның шаттығы, балаларымның бақнұры, Есіл өңірінің еркелеген ақтұмасы іспетті Есләм Зікібаев топырақтан тысқары болса, осы маужыраған маусымның алғашқы күндерінде аламан бәйге шаптырып, балуан күрестіріп, Есіл ауданындағы “Өрнектің” бойында күй күмбірлетіп, ән шалқытып, 80 жасқа толған тойын думанға айналдырар еді ғой…

Амал нешік, бауыры сызды қара жер асылымды, ардақтымды алпыс алты жасында суық құшағына алды.

Дүниенің жетсем деп шегіне

бір,

Тырбанасың, қайда бұл жеңіл

өмір?

Кірген ақты шашыма көрген

сайын,

Су сепкендей басылған сері

көңіл, –

деп өзі жырлағандай, Есләмім әлі күнге “Рауза-ау! Құлақ салшы!” деген ақ толқын көңілімен жаңа жырын оқып тұрғандай күй кешемін.

Есләмсіз жылдар жылыстап өтіп жатыр. Жадымнан мәңгілік өшпейді. Жерлестеріне де аналық ақ көңілмен ризамын! Олардың мені және балаларымды, немерелерімді періште пейіліне бөлегені бойыма күш-қуат береді.

Сүйікті жарымның туғанына 80 жыл толуына орай “Ерке Есілдің ақ толқын Есләмі” деп, ақынды ұлықтауға арналған республикалық салтанатқа ұйытқы болған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановқа, өңір басшысының орынбасарлары Айдарбек Сапаровқа, Анархан Дүйсеноваға, Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішевке, Алматыдан және Астанадан арнайы келіп, Есләмнің рухына тағзым еткен ақын-жазушы, ғалым інілеріне, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізовке, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменовке, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановқа, ауылдас ағайындарға, ақын өмірі мен шығармаларына қанық жұртшылыққа аналық ақ жүректен шынайы алғысымды арнаймын.

Жақсысын жадында сақтайтын жұрттың шаңырағы биік, босағасы берік емес пе?! Еліміздің, соның ішінде Есләмнің кіндік қаны тамған Есіл өңірінің мерейі асып, мәртебесі биіктеп, абыройдан абыройға кенеле беруін бүкіл отбасымның, жұбайымның көзі болып жүрген балаларының, немере-шөберелерінің атынан тілеймін!

Рауза БӘКІРҚЫЗЫ,

Есләм Зікібаевтың зайыбы.

Алматы қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp