«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАМЫЗДАЙ АЯЛАЙЫҚ

Жасыл желек жамылған табиғат аясында серуендеуді ұнатқанымызбен, қоршаған ортаға деген аялы көзқарастың ауылы әлі алыс секілді. Мұның себебін экологиялық тәлім-тәрбиенің кемшінінен іздеген жөн. Ауаның ластанбауы, адамның есен-саулығы, барымызды бағалай білу өз қолымызда. Атам қазақ бір тал кессең, он тал егуді айтып кеткен. Табиғатқа қамқорлық тақырыбында бірнеше маманның пікірін білген едік. Оқырман назарына соны ұсынып отырмыз.

Тимур ЗВЕРЯЧЕНКО, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің доценті:
– Облыс орталығы жыл өткен сайын жасыл желекке оранып, көркейіп келеді. Биыл бірқатар ағаштар түп-тамырымен қопарып алынып, олардың орнына 17 көшені бойлай 5 мыңға жуық жас көшет отырғызылды. Сол-ақ екен, кейбір адамдар мәселенің байыбына бармастан “ағаштар жаппай оталып жатыр” деп ұлардай шулап қоя берді. Университеттің мамандары “жасыл акция” шарасына тартылып, кәрі дарақ ағаштарды зерттеу барысында 80 пайыздан астамы жарамсыз деген қорытындыға келді. Өйткені, көбі түрлі ауруларға шалдыққандықтан, өсу қабілетін жоғалтқаны анықталды. Ағаштарды электр сымдарына тым жақын егуге болмайтыны тиісті орындарға құлаққағыс етілді. Себебі, бұталары жыл сайын кесілетіндіктен, діңі шіріп, саңырауқұлақ қаптап кететінін жылдағы тәжірибе көрсетіп жүр.

Тамара ГАЙСИНА, “Shatyr Group” ЖШС-і көгалдандыру жобасының жетекшісі:
– Ойқала шағынауданындағы Потанин көшесі бойына 500-ден астам көшет отырғызылып, ерекше сән берді. Олардың арасында шетен, қайың, жөке ағаштары бар. Кондратов тәлімбағынан әкелінген көшеттер тез жерсініп, жайқала өсіп кетеді. Онша бап талғамайды. Сондықтан “алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала” демекші, сырттан әкелмей-ақ жергілікті мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білген жөн. Бұрнағы жылдары егілген қарағай, шыршалардың кейбірі қурап қалғанын білеміз. Күтімі келіссе, Қызылжардың құнарлы топырағына шаншыған шыбық та өсіп шығады. Тек бастапқы кезеңде суару, тыңайту жұмыстары ерекше ыждағаттылықпен, талапқа сай атқарылуы тиіс. Жас көшеттерді баптау өте маңызды. Арнайы маман болмаса, өзгелер жай-жапсарын терең біле бермейді. Біздің қолдауымызбен Жамбыл, Интернационал, Парк көшелеріне де бір мыңдай көшет егіліп, жайқала өсіп тұр.

Александр ШИТОВ, “Булаев” орман шаруашылығының қорықшысы:
– Қызылжар өңірі ғажайып табиғат көріністеріне өте бай. Орман-тоғайдың көркі – аң мен құс. Өкінішке қарай, ағашты заңсыз кесу, аң-құсты жаппай аулау секілді жабайы тірлік көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды. Браконьерлікке берік тосқауыл қою мақсатымен 2017 жылдан бастап ел аумағында көктемде аң аулауға қатаң тыйым салынған. Бұл кез – аң балалап, құс жұмыртқалап, ағаштар жапырақ жайып, қоршаған орта ерекше түрленетін шақ. Қазір жыл құстары арасында ақ құтан, қызыл жемсаулы қарашақаз өте сирек кездеседі. Орман сусары мен мәрмәр шүрегей “Қызыл кітапқа” енгізілген. Біздің міндетіміз жануарлар дүниесін көздің қарашығындай қорғау, өсімін молайту, тәртіп бұзушылармен ымырасыз күрес жүргізу болып табылады. Тәжірибе көрсеткендей, орман өртінің шығуына адамдар кінәлі. Олардың салғырттығынан өрши жаздаған бірнеше оқыс оқиғалардың алдын алып, әзір екенімізді байқаттық.
Қайрат ҚАЛЫҚОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының директоры:
– Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағында 12 мемлекеттік орман мекемесі жұмыс істесе, солардың бірі – біздің шаруашылық. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің әр күні қарбаласқа толы. Кез келген уақытта дабыл қағылып, оқиға орнына жүйтки жөнелуіміз көзді ашып жұмғанмен бірдей. Қас-қағым сәтте шешім қабылдай білуге төселіп алдық. Интерактивті бейнебақылау жүйесі орнатылғалы жұмысымыз жеңілденіп, қым-қуыт тіршіліктен мойнымыз босағандай көрінгенімен, озық техниканың көмегінсіз атқарылатын шаруалар әлі қыруар. Бір күннің ішінде ғана 10-15 рет қызыл жалынмен алысқан сәттеріміз болды. Күн күрт жылынғалы орман алқаптарында өрт шығу ықтималдылығы жоғарылап кетті. Шырпы тастай берсе, қураған шөп, сабан қалдықтары лау еткелі тұр. Сондықтан қырағы сақтықты бір сәтке де босаңсытуға болмайды. Кезекшілік тәулік бойы атқарылады.

 

Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp