Редакциямызға өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, түйткілді мәселелерімен келетін оқырмандарымыздың қатары аз емес. Біз оларды алаңдатқан мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп жатсақ, мұны еңбегіміздің жанғандығының бір белгісі деп білеміз. Алдағы жылы ғасырлық тойын атап өткелі отырған “Soltustik Qazaqstan” газеті осы уақыт бедерінде тұрғындардың мұң-мұқтажына назар аударып, түрлі заң бұзушылықтарға тап болғандардың құқығын қорғап, қиын жағдайға ұшыраған жандарға демеу болып келеді.
Басылым тарихында ана мен бала тақырыбы әрдайым өзекті саналды. Әсіресе, газет беттерінде көпбалалы аналардың жағдайы, олардың тұрмысын оңалтуға қатысты мақалалар жиі жарияланып тұрады. Жақында Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылының тұрғыны, алты баланың анасы Динара Нүрпейісова басылым ұжымына ризашылығын білдіріп, редакцияға телефон шалған еді.
Бұл оқырманымыз бізге газетіміздің “WHATSAPP” желісі арқылы хабарласып, көмек сұраған болатын. Көпбалалы ана өз хатында Сырымбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлмира Тайжігітованың “Күміс алқасын” алу үшін құжаттарын толтыру және оны аудан әкімдігіне тапсыру мерзімін бірнеше айға созып алғандығы жөнінде шағымданған. Мемлекеттік қызметші көпбалалы ананың құжаттарын жарты жылдан астам уақыт бойы тиісті органға тапсырмай, соның салдарынан Динара Нүрпейісова жеті ай бойы “Күміс алқа” наградасы үшін төленетін жәрдемақыдан қағылған.
Көпбалалы ананы сергелдеңге салған жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында оқырманымыздың хатын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне де жолдаған едік. Департамент басшысы Елена Степаненко орын алған мәселе бойынша тексеріс шаралары жүргізілгенін хабарлады. Нәтижесінде Айыртау ауданы әкімінің аппараты Гүлмира Тайжігітоваға өзіне жүктелген міндеттерді немқұрайды атқарғаны үшін ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданыпты. Ал Динара Таңатқызы болса, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Айыртау ауданы әкімінің қолынан көптен күткен “Күміс алқасын” алған.
– Дәуқара ауылында поштада қызмет етемін. Айлық жалақым 8 мың теңгеден аспайды. Жолдасым жұмыссыз. “Күміс алқа” алқасы бойынша төленетін жәрдемақыны тағатсыздана күтуіме табысымның аздығы басты себеп болды. Әкім аппаратының бас маманына “құжатымды тапсырдыңыз ба?” деп бірнеше мәрте барғанымда, ол түрлі сылтау айтып, мені әкімдіктің есігінің алдынан шығарып салатын. Жарты жылдан астам уақыт бойы мені алдаумен келді. Гүлмира Сейпешқызы тиісті жазасын алды деп ойлаймын. Жәрдемақы қолыма тиіп, оны керек-жарағымызға жаратып жатырмыз. Балаларым оқуда да, құрбы-құрдастары арасында да үлгілі. Оларға жақсы тәрбие беріп, қатарынан қалдырмауға тырысамын. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсетілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Nur Otan” партиясының XVIII съезінде биылдан бастап қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыру бойынша бірқатар игі істердің жүзеге асатынын айтқанда, өзім сияқты аналардың қуанғанына ешбір күмәнім жоқ. Сәуір айынан бастап “Алтын алқа” және “Күміс алқа” алқаларының иегерлеріне төленетін жәрдем-ақының көлемі артты. Бұған қоса, аз қамтылған отбасылардың балаларына берілетін жәрдемақы мөлшері де ұлғайды. Мәселен, мемлекет көпбалалы ауыл тұрғындарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мөлшері 500 мың теңгеден 20 миллион теңгеге дейін мемлекеттік гранттар мен шағын несиелер беріледі деп хабарлады. Осындай жағымды жаңалықтар бізді қанаттандырып, ертеңге деген сенімімізді нығайта түседі”, – деді ол. Сондай-ақ, Динара Нүрпейісова сауалын жауапсыз қалдырмай, дер кезінде көмек бергені үшін газет ұжымына алғысын жеткізді.
Оқырмандардың осындай жылы лебізі қаламды қару еткен тілші қауымға қанат бітіріп, күш берері сөзсіз. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы біздер қашан да болсын, бірінші кезекте, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналып, қоғамның жаршысы екендігімізді бір сәтке де естен шығарған емеспіз.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.