“Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” деген халық даналығы бар. Сәбиін емірене құшағына басып, ақ сүт беріп, аялаған ананың мейірімінен осы әлемге деген сүйіспеншілік, адамгершілік қағидаттары қалыптасады.
Ананың баласына деген махаббаты – Алла тағаланың адамзат баласына мейірінен пайда болған біздерге деген нығметі. Тар құрсағын кеңейтіп, тоғыз ай көтеріп, толғатып, аман-есен дүниеге сәби әкелу үлкен ерлік, батырлық дер едім.
Құранда “Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулік болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкірлік ет. Қайтар орның мен жақ”, – делінген. Яғни, Жаратушы иеміз өзіне шүкір қылудан кейін ата-ананы сыйлауды бұйырады. Бірде бір кісі Пайғамбарымызға: “Уа, Алланың елшісі, адамдардың қайсыбірі жақсылық қылуға лайығырақ?” – деп сауал қойғанда, ол: “Анаң”, – деп жауап береді. Қайта-қайта осы сұрақты қойғанда үш рет қатарынан анаңа, кейін әкеңе жақсылық жаса деген. Мұндай жауаптың өзінен-ақ ананың дәрежесін көруге болады. Қашанда ақжаулықтылардың қасынан табылып, оларға жылылықпен қарап, жауап қайтарғанда, дауыс көтермей алғыстарын алу – Құранда айтылған жақсылық жолдары. Тіршілік уақытында сыйластықпен қызмет көрсетіп, дүниеден өтіп кетсе, тілек-дұғадан қалдырмай, оларға Алланың ризашылығын сұрауға дайын болу ләзім.
Бірде Пайғамбарымызға келген адамдардың бірі: “Уа, Алланың елшісі, қолымда жасы жетіп қартайған анам бар. Мен оны қолыммен тамақтандырамын, суын ішкіземін, иығыма салып, арқалап жүремін. Мен анамның ақысын орындадым ба?” – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: “Жоқ, ақысын өтеген жоқсың. Жүзден бірін де өтеген жоқсың. Алайда, сен жақсы іс қылыпсың. Алла тағала сенің анаңа істеген азғантай жақсылығыңды еселеп көбейтеді”, – деген. Осындай ізгіліктердің өзі анамыздың біздерге жасаған жақсылығының жүзден біріне тұрмаса, ата-аналарын ренжіткендердің жағдайын ойлаудың өзі қиын.
Ана алдындағы парызымызды өтеу жолында Алла тағала әрқайсымызға, егер зәру болса, оған көмектесу, киімдері болмаса, алып беру, өзі ұнатпағанды оларға ұсынбау, жақсылық тілегенде дұға қылу міндеттерін жүктеген. Ол жайында ислам ғұламасы Абу Лайс өзінің “Таббиһул ғофилиин” кітабында толық жазып көрсеткен. Ана бақытына қол жеткізу қандай қиын болса, сол ардақтыларымыздың ризашылығына бөлену де оңай емес.
Бірде Пайғамбарымызға бір кісі анасының үстінен шағымданып, оның мінезі ауыр екендігін алға тартады. Ол анасын арқалап қажылыққа апарғаны үшін балалық парызымды өтедім деп ақталған. Пайғамбарымыз оның сөзін соңына дейін тыңдап болған соң: “Анаңның хақысын өтемедің”, – деп қысқа да нұсқа жауап береді.
Қазіргі заманда ата-аналарының кемшін тұстарын жақтырмай Қарттар үйіне апарып тастайтын адамдар да бар. Қазақта “Атаңа не істесең, басыңа сол келеді” деген тәрбиелік мәні өте жоғары ұлағатты сөз бар. Үй ішіндегілердің ұйымшылдығын ойлап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы болып табылатын мәуелі бәйтерегімізді әрдайым әлпештеп, перзенттік борышымызды абыроймен атқарып, екі дүниенің бақытына жетейік.
Абылай ҚҰРМАШҰЛЫ,
“Мухсин” мешітінің бас имамы.
Петропавл қаласы.