«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАТОЛИЙ ШАЛОВ НЕГЕ ҰЛЫҚТАЛМАЙ КЕЛЕДІ?

Кітап пен газет-журнал оқуға құмарлық әдетіммен Солтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясын парақтап отырып, 590 бетке жеткенде «Шалов Анатолий Федоро­вич, Шал ақын ауданының Көктерек ауы­лында туған. Ірі қоғам қайраткері. Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері. Экономика ғылымдарының кандидаты» деген аз сөзбен көп мағына ұқтыратын деректі ұшыраттым. Фотоға назар аударсам, өзімізбен ав­тошеберханада еңбек еткен, инженер- жабдықтаушы Николай Федорович Шалов.

Марапаттары жайлы да мәлімет келтіріліпті. «Бірінші және екінші дәрежелі «Отан со­ғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Александр Невский», үш мәр­те «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі», «Құрмет» ор­дендері және он төрт төсбелгі (медальдарды қосқанда) ие­гері». Елінің осындай шексіз құрметіне бөленген ардақты азамат неге ұмытылып жүр де­ген сауал санамды сансыратып жібергендей болды. Осыдан екі жыл бұрын 100 жылдық ме­рейтойы да аталмай қалды. «Әнеке» деп атап кеткен тұлға­мыздың іздеушісі табылып қа­лар деген үмітпен қолыма қалам алуымның сыры осында.

Басын ашып алатын бір мә­селе туған жеріне қатысты. Бір­де Марьевка, бірде Ресейдің Омбы облысы делінеді. Ал ба­лалық, жігіттік шағының Көк­терек ауылында өткені еш талас тудырмайды. Осында бастауыш мектепті бітірген, Ленин ауы­лындағы интернатта тұрып, он­жылдық білім алған. Осы төңі­ректе салынған алғашқы жел диірменге жүргізуші етіп әкесі Федор Шаловты көшіріп әкеліпті. Балалары – Анатолий, Николай және Василий. Ақын- педагог Гүлсім Кәленова апа­мыз «Ғибратты ғұмыр» естелік жинағында Анатолийдың шәкірттер арасында көшбасшы болғанын жылы лебізбен еске алады. Оның дипломды маман боламын деген арманын зұл­мат соғыс болдыртпай тастады. Әнекеңнің інісі Николайдың немересі Елена Смирнова ұсынған анықтамада «Шалов Анатолий Федорович 1923 жылы 23 тамызда туған. Туған жері – Марьевка селосы, Сол­түстік Қазақстан облысы. Қазақ тілін өте жетік меңгерген. Пет­ропавл педагогикалық және қа­зақ ауыл шаруашылығы инсти­туттарын тамамдаған. Білікті маман. Ұлы Отан соғысы бас­талғанда тамыз айының басын­да (1941 ж.) Октябрь аудандық әскери комиссариаты арқылы майдан даласына жіберілген. Әскери шені – капитан», – деп жазылған. Бірінші Украина майданының 60-шы армиясы 99-шы атқыштар дивизиясы 197-ші атқыштар полкінің құ­рамында атқыштар взводының командирі болып бекітілген. Кейін пулеметшілер ротасының командирлігіне жоғарылатыл­ған. 1944 жылы 28 қаңтарда оны кезекті марапатқа ұсынған ра­портта былай делінген: «26.12.1943 года в боях за насе­ленный пункт Динины Жито­мирской области ст.лейтенант Шалов А.Ф. проявил себя сме­лым и рачительным команди­ром, находясь в боевых поряд­ках своего подразделения и в момент когда пехота поднялась в атаку он организовал под­держку атакующим подразделе­ниям, где его ротой было унич­тожено до взвода пехоты про­тивника и лично сам уничтожил 4-х солдат и одного офицера противника».

Қиян-кескі шайқастардың бірінде аяғынан жараланған ол шабуылдың соңына дейін қаты­сып, содан кейін ғана госпи­тальға баруға келісімін берген. Госпитальда емделіп, жарты өк­шесінен айрылған ол әскери комиссияның шешімімен ар­мия қатарынан босатылады. Бейбіт өмірде қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласады. Оның ұйымдастырушылық қа­былетін бағалаған Республика басшылығы Солтүстік Қазақс­тан облыстық комсомол ұйы­мына жетекшілік етуге жібе­реді. Кейін Орталық комсомол комитетінің екінші хатшысы лауазымы сеніп тапсырылады. Анатолий Федоровичтың адам­гершілік қасиеттері мен батыл әрекеттеріне талайлар тәнті болған. Солардың бірі –ауыл­дасы Герольд Бельгер «Дом скитальца» деген кітабында ем­тиханды жақсы тапсырып, ең жоғары балл жинаса да, жоғары оқу орындарына қабылданбай көп қиындық көргенін жазады. Әбден тауы шағылып, Алматы қаласында ашпаған есігі, баспа­ған табалдырығы қалмайды. Кеңес Одағының Батыры, инс­титут директоры М. Ғабдул­линнің құдыреті жетпеген мәсе­ленің жауапкершілігін өз мой­нына алған А.Шалов заматта шешіп берген. Осылайша тағ­дыры қыл үстінде тұрған бозба­ланың болашағына жарқын жол ашылған.

Көп жыл Қостанай қалалық партия комитетінің бірінші хат­шысы, Тың өлкесі партия ко­митетінің хатшысы, Қазақ КСР құрылыс министрінің орынба­сары, Жамбыл облыстық пар­тия ұйымының екінші хатшысы лауазымдарын абыроймен ат­қарып, мінсіз қызмет етті.

Әнекең жайлы анекдотқа бергісіз адамның ішек-шілесін қатыратын қызықты әңгімелер көп. Бірде шаруашылықтарды аралап жүргенде басшылардың хатшыға қандай қонақасы беру жөнінде «Қалған-құтқан бірде­ңе болса, дайындай салыңдар. Мал сойып, бас тартайын деп пе едің?» деп қазақша күбірлесіп отырғанын құлағы шалып қалса да, сыр бермейді. Түс мезгілі бо­лып қалғанда «Манағы қалған- құтқандарыңмен дастарқан жаймайсыңдар ма?» – дегенде олар не дерлерін білмей жерге кіріп кете жаздаған екен.

Өкінішке қарай, бүгінгі ұр­пақ Ұлы Отан соғысының отты жылдарында қан майданның бел ортасында жүрген, бейбіт өмірде тұралап қалған шаруа­шылықты қалпына келтіруге өлшеусіз үлес қосқан, зейнет­керлікке шықса да, жастардың ақылшысына айналған, туған жерден жырақта жүрсе де қа­рым-қатынасын үзбеген, қам­қорлығы мен көмегін аямаған, қандай да ұлықтауға әбден ла­йық Анатолий Федорович – Әнекең жайлы жете біле бер­мейді. Көше-мектепке есімі беріліп, ескеріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қойшыбай ШӘНИЕВ,

сатирик-ақын, Шал ақын ауданының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp