Ана баласын жанымен де, қанымен де сүйеді. Ананың алақаны – сәби үшін ең жылы ұя. Перзент сүйсе мейірімі қанбайтын абзал жандардың алдындағы борышымызды Меккеге үш арқалап апарсақ та өтей алмайтынымыз белгілі. Ал мүгедек баласын өмірінің соңына дейін бағып-қағып, аналық парызын қалтқысыз орындап жүрген аяулылардың еңбегінің өтеуі жайлы не айта аламыз?
Бүгінде мүгедек баласын бағып үйде отырған аналар бар ауыртпалықты мойындарына алған, олардың түзге шығып жұмыс істейтін жағдайы жоқ. Жылдар өте кәсібі бойынша белгілі бір жетістікке қол жеткізбегендіктен, өзіне деген сенімі жоғалған, денсаулықтан айрылған мұндай аналар “Балам үшін” деп іштен тынып жүр. Дені сау баласын ақшаға сатып, көшеге тастағандарды құлақ естіп, көз көргенде айықпас дертке шалдыққан ұрпағын бағып-қағуға бүкіл ғұмырын сарп еткен аналарға деген қолдау ерекше болуы тиіс.
Осындай ата-аналардың қатарында – Бақытжан мен Зәбира Мұсабаевтар да бар. Ерлі-зайыптылардың ата-ана болатынын білген кездегі қуаныштарында шек жоқ еді. Алайда, көптен күткен егіздері 6 айлық болып туып, оған қоса ауа жетіспеушілігінен қос бүлдіршін сал ауруына шалдығады. Бүгінде жастары алтыға келген Алинұр мен Алина мүлдем жүрмейді, тіпті, өз беттерімен отыра да алмайды. Күні бойы әке-шешесінің қолынан түспейтін қос бүлдіршін ұйқы дегенді ұмытқан. Себебі, кешкі уақытта балалардың талма ауруы асқынып кетеді екен. Туабіткен бұл дерттен емделу мүмкін емес. Алайда, олардың хал-жағдайын жақсарту үшін ұдайы арнайы ем-дом жасау қажет. Қос қарашығына қажетті ем-дом үшін барын сатып, өздері бағып-қағу үшін жұмыстарын тастаған ата-ана ұл-қызының жәрдемақысына ғана күн көріп отыр. Екі бірдей баласының айықпас дертімен күн сайын күресіп, тән мен жан азабын қатар сезініп отырған ата-ананың бүгінгі жағдайын ешкімнің басына бермесін. Осылай көзінің ағы мен қарасы болған балапандарынан бас тартпай, Құдайдың жазғанына көніп, тағдырдың тәлкегіне шыдас берген ата-анаға мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауы қандай?
2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасының “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Аталған заңға сәйкес 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы асырап, тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қорғаншылар немесе қамқоршыларға ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады.
– Мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы өтініш жасалған күннен бастап баланың мүгедектігінің барлық кезеңіне, бірақ мүгедек бала 18 жастан аспайтын мерзімге дейін тағайындалады. Отбасында екі және одан да көп мүгедек бала болған жағдайда жәрдемақы әр мүгедек балаға тағайындалады және төленеді. Оны тағайындау үшін өтініш беруші зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың құрылымдық бөлімшелеріне тиісті құжаттарды тапсыруы қажет, – дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгi Еңбек, әлеуметтiк қорғау және көшi-қон комитетiнiң Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша департаментi басшысының орынбасары Арай Нұғыманова.
Қазіргі таңда бала кезінен мүгедек атанғандар 16 жасқа дейін 31 938 теңге жәрдемақы алады. 16 жасқа толғаннан кейін оларды мүгедектік топтарға бөліп, жәрдемақы сол бойынша төленеді. Бірінші топтағы мүгедектер – 43 851, екінші топтағылар – 36 307, үшінші топтағылар 27 418 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бұл балалар он сегіз жасқа толғанға дейін қамқоршыларына 24 002 теңге жәрдемақы төленеді. Өңіріміз бойынша былтыр – 263, үстіміздегі жылдың өткен төрт айында 86 ата-анаға жәрдемақы тағайындалған. Мүгедек бала он сегіз жастан асқаннан кейін қамқоршыларға төленетін жәрдемақы тоқтатылады.
Еліміздің “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” Заңының осы тұсын қамқоршылар түсінбей дал.
– Интернатта бір мүгедек бала үшін мемлекет айына 60 мың теңгеден астам қаржы жұмсайды. Еліміздегі интернаттар барлық мүгедектерді қабылдай алмасы сөзсіз. Ал осы қаржыны үйінде отырып, баласын бағып-қағып отырған аналарға еңбекақы ретінде зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін төлеп отыруға да болар еді. Бүгінгі таңда интернаттағыдай күтімді қажет ететін мүгедектердің нақты саны қанша екенін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі де анықтаған емес, – дейді Қостанай қаласындағы мүгедек-балалар аналарының “Радуга” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Колоскова.
Аталмыш қоғамдық бірлестік өкілі “Еуразия” мен “USAID” қорларының жобасы бойынша өңірімізге келіп, “Үнемі жанында болатындар үшін” деген атаумен баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Бірлестік мүшелері заңнамаға енгізілуі тиіс өзгерістерді қамқоршылармен бірлесе отырып талқылап, Астана, Қостанай, Петропавл қаласын қамтыған жоба аясында мүгедек баласын бағып отырған 300 ата-ананың арасында сауалнама жүргізіпті. Белгілі болғандай, сауалнамаға қатысқандардың 96 пайызы өздерінің әлеуметтік тұрғыдан қорғалмағандығын жасырмаса, 52,5 пайызының жұмыс істеуге мүмкіншілігі жоқ. Өмірінің еңбек етер жемісті жылдарын баланың қасында өткізген астаналықтардың – 57, петропавлдықтардың – 82, қостанайлықтардың 89 пайызы зейнетақы жинақтау қорына қаржы жинай алмайтындығын ашық көрсеткен. Бүкіл өмірін баласын емдетіп, оны күтіп-бағуға арнаған аналардың көпшілігінің жоғары білімі бар. Білімі болса да қызмет істей алмаған аналардың 96 пайызы материалдық қиындықтың қыспағын сезініп отыр. Әлеуметтік қорғансыздықтың бір түрі баспананың жоқтығы болса, петропавлдық қамқоршылардың 11 пайызы үйсіз жүр.
Осы саладағы мамандардың айтуынша, былтыр ондаған заң мен заңнамалық актілер қабылданыпты. Оның ішінде тұрғындардың әлжуаз тобының жағдайын жақсартуға қатыстылары да бар.
– Біздің заңгерлер қолданыстағы заңнамалардың кемшін тұстарын да анықтады. Кәмелеттік жасқа толған мүгедектердің ата-аналары, қорғаншылар немесе қамқоршылары үшін әлеуметтік кепілдендіруді, құқық пен жеңілдікті тегіс қамтитын және нақты бірде-бір нормативтік-құқықтық акті жоқ екендігіне көз жеткіздік, – дейді Наталья Колоскова.
Мүгедек баласын күтіп-баққан аналардың мәртебесін анықтау мәселесі қашан шешімін табары белгісіз. Бүгіндері қоғамдық бірлестіктер қамқоршылардың мәртебесін анықтайтын ұсыныстарды да әзірледі. Мүгедек баланы бағып-қаққан жылдарды еңбек өтілі ретінде есептеу, қамқоршыларды 55 жаста зейнеткерлікке шығару, еліміздің Еңбек кодексіне мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салатын норма енгізу сияқты ұсыныстарды жоғарыдағы шенеуніктер назарға алар деп үміттенейік. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгi Еңбек, әлеуметтiк қорғау және көшi-қон комитетiнiң Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша департаментi басшысының орынбасары Арай Нұғыманованың ойынша көтерілген мәселенің бұлай ұзақ талқылануына еліміздегі экономикалық жағдайдың да әсері болуы мүмкін.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.