«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА ЖҮРЕГІ

Анам мені таңертең ерте автобуспен университет маңындағы балабақшаға апаратын. Тәрбиешіге табыстаған соң жүгіре басып аялдамаға барады да, өзінің жұмыс істейтін жері – Киров атындағы зауытқа жеткізетін келесі автобусты тағатсыздана тосып тұратынды. Кәсіпорынға күнде кеш келетін болған соң зауыт басшылығы бұлай қайталана берсе, жұмыстан шығаратыны туралы ескерту жасаған екен. Әкеміздің табысына ғана күн көру қиын болғандықтан, анам амалсыздан үш жастан енді ғана асқан мені аялдамада қалдырып отыру туралы шешімге келеді.

Анамның автобустан түсіп, ешқайда бұрылмай тура балабақшаға бару керектігін шегелеп тұрып ескерткені де еміс-еміс жадымда. Жұлқына жүйткіген қоғамдық көліктің терезесіне жабысып, қалың тон мен қоңыр пима киіп, құдды қонжықтай томпаңдап бара жатқан баласы аман-есен балабақша ауласына кіргенге дейін байыз таппағанын анам да жиі еске алады.
– Күн сайын қанаты қатаймаған сарыауыз балапанын желдің өтінде қалдырғандай күйді кешу сол уақытқа дейін басымнан өткерген қиындықтардың бірімен де салыстыруға келмейді, – дейді анам. – Бірнеше күннен кейін автобустың орнынан баяу қозғалып, сен балабақша ауласына кірген уақытта ғана жылдамдығын арттыратынын байқадым. Неге олай болғанына мән бермеген екенмін, мен үшін ең бастысы сенің балабақшаға аман-есен жеткенің еді…
Оның сыры араға жылдар салып белгілі болды. Көзді ашып-жұмғанша үш жыл да өте шықты. Балабақшамен қоштасып, мектепке барып жүрген кезім. Бірде анама еріп, оның жұмысына бармаққа автобусқа отырдық. Көлік жүргізушісі – қазақтың орта жастағы әйелі алдындағы айнадан бізді көріп қалып: “Амансың ба, балақай! Қалай есейіп қалғансың?! Сені анаң екеуміз балабақшаға дейін шығарып салатынымыз есіңде ме?” – деді…
Арада ұзақ жылдар өтсе де, “Университет” аялдамасының маңынан өтіп бара жатқан кезде өмірімдегі осы сәтті ерекше толқыныспен еске аламын. Бейтаныс адамның баласы үшін қоғамдық көлікті кідіртіп, игі іс жасаған қазақ әйелінің мейірімділігіне қайран қаламын.

Азат ЕСЛӘМБЕК. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp