
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы көрермендерге Барзу Абдураззаковтың “Мама” спектаклінің алғашқы қойылымын ұсынды. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “режиссура” бөлімінің 5-курс студенті Фархат Молдағали.
Есімі елімізге белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Маман Байсеркеновтен тәлім алып жүрген Фархаттың бұл еңбегін өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Бұл – ана мен бала махаббатын ғана емес, өмірде шешімі табылмаған көптеген сұрақтар төңірегінде сыр толғайтын тағылымды қойылым болды.
Сахнада екі кейіпкер – анасы (Аида Сұпатаева) және оның ұлы (Нұрбол Асқаров) ойнайды. Екеуіне де жүктелген сахналық міндет жеңіл емес. Туған үйден жырақ, жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген ұлдың ішкі толқынысын, оның психологиялық жай-күйін, сезімдер арпалысын дөп басып, кейіпкерге жан бітіру үшін жас актер Нұрбол Асқаров аянып қалмады. Анасына қоңырау шалып, денсаулығын сұрауы, телефон тұтқасын көтермеген сәтіндегі ішкі қорқынышы көрермендерді бейжай қалдырмады.
Ана бейнесін сомдаған талантты актриса Аида Сұпатаева – жалғыздықтан жалыққан адам. Ол баласының жеке өміріне араласпайды, бірақ оның амандығын тілейді, сыртынан жанашырлық танытады. Ұлын жақсы көретіндігі соншалық – оның қайсыбір оғаш қылығы мен жанды қарыған суық сөздерін елемейді.
Фархаттың режиссерлік қолтаңбасын, оның өзгеше суреткерлік сипатын айғақтап тұрған қосымша кейіпкерлер де бар. Ол – періштелер бейнесі. Ақ түсті көйлек киген екі періште (Гүлдана Асқарова мен Зарина Уәлиева) қойылым бойы ананың балаға деген шексіз мейірімін көрсетуге тырысты. Олар бірде баласының анасына айтылған қатты сөзінен сескеніп, бірде ананың баласы үшін оқыған дұғасына тілекші болады.
Қойылымда ана мен баланың арасы тым алыс. Тек жүректері жақын. Телефон тұтқасы ғана араларын жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Фархат спектакль барысында ұл бейнесін кескіндеуші Нұрбол Асқаровқа радио қосқызып, жантүршігерлік жаңалықтар тыңдатады. Ақыр соңында Нұрбол жас бүлдіршіннің орындауындағы ана туралы әнді құлағы шалады. Дәл осы кезде анасы есіне түседі. Қайғырып, өз қателігін мойындап, азапқа түседі.
Біз спектакль бойы ана жүрегінің қайғысын сезіне білдік. Залда отырған әрбір көрермен қойылымдағы жалғыздықтың сал шекпенін жамылған байғұс ананың тағдырын бірге сүрді, азабын тартты, сүйініш-күйінішіне дейін ұға білді десек, артық айтқандық емес.
Сондай-ақ, қойылымда қоғамдық мәселелер қозғалады. Ар мен ұждан, қарапайым халықтың тұрмысы, жұмсақ креслода отырған дөкейлердің іс-әрекеттері таразыланады. Яғни, Тәжікстанның белгілі режиссері әрі еңбек сіңірген қайраткері Барзу Абдураззаковтың бұл шығармасының бір ерекшелігі – екі актер арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелерді жұп-жұмыр етіп қамти білуінде жатыр.
Екі-ақ актердің ойыны болсадағы, қойылым халықты жалықтырған жоқ. Бұл да – режиссердің еңбегі. Мейірім шуағын шашқан қойылымнан жылу сезінген әр көрермен терең ойдың тұңғиығына батып тарқасты. Жақыныңды күнде көріп жүргеннен, тауларымыздың биіктігі байқалмайтындығы рас. Бірақ осы бір қамшының сабындай аз ғана ғұмырда аяулы жандарымызға мейірім көрсете білсек екен деген ой түйдік.
Балжан БЕКМАҒАМБЕТ,
С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ
сазды-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.