«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОРҒАЙДЫ

Біз – тыныштық бесігінде тербелген егемен елімізде тамыр жайып, өсіп-өркендеп отырған жас отбасылардың біріміз. Жұбайым Жомарт екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлымыз – Мәди. Ол 5 жаста. Тұла бойы тұңғышымнан кейін араға біраз жыл салып, өмірге үш қыз бала әкелдім. Арай, Айша, Алуа есімді сәбилерімнің бір уақытта жарық дүниеге келуі – Алланың берген сыйы.

Отбасымызды қызық пен қуанышқа бөлеген балапандарым қызғалдақ гүлдей жайқалып өсіп келеді.  

Әлемдегі ең құнды байлықтың бірі баланың күміс күлкісі екенін ұл-қыздарымның жайнаған жүздеріне қарап түсінгендей боламын. Жүрегіңді жылылыққа, шаңырағыңды шаттыққа толтырып, өміріңді мәнді де сәнді ете түсетін де балғын бөбек емес пе?! Олай болса, еліміздің ертеңі болар ұл-қыздарымыз қызғалдақ гүлдей құлпырып, биік белестерді бағындырса, осының өзі бір ғанибет емес пе?

Сөз жоқ, бүгінгі таңда Қазақстанға жан-жақты білімді, бірнеше тілді меңгерген, халқымыздың тарихын, әдет-ғұрпын сыйлайтын, ел болашағы үшін күш-жігерін аямай еңбек ететін нағыз отаншыл азаматтар керек. Дана халқымызда “Бір жылдығын ойлаған күріш өсіреді, он жылдығын ойлаған ағаш өсіреді, жүз жылдығын ойлаған ұрпақ өсіреді” деген ұлағатты сөз бар. Олай болса, кемел келешекті ойлайтын жас ұрпақты ұлттық құндылықта тәрбиелеу, олардың құқығын, әлеуметтік жағдайы мен жеке басын қорғау әрбір ата-ананың міндеті екенін ұмытпау керек. Өйткені, заң – бәріне ортақ. Өз басым сәбилерім туғалы мемлекет тарапынан қолдау мен қамқорлықты айқын сезінудемін. Қыздарым 1 жасқа толғанша ай сайын мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік жәрдемақы алып отырсам, бүгінгі таңда көпбалалы ана ретінде маған әлеуметтік көмек көрсетілуде. Медицина жағынан да сәбилеріме қажетті түрлі дәрі-дәрмектерді тегін аламыз. Қыздарыма тиесілі жасанды сүтті уақытымен өзіміз тіркелген емханадан тегін алып отырдық. Жас отбасы болғандықтан, осындай көмек бізге көп демеу болды. Алдағы уақытта балабақшаға да көпбалалы отбасы ретінде кезек күттірмей баратынымызға сенімдіміз. Өйткені, мұның барлығы мемлекет тарапынан біз сияқты көпбалалы отбасыларға көрсетіліп отырған көмек болып саналады. Осының барлығы Ата Заңымызға сүйене отырып істелетін игілікті істер. Осындай тамаша жағдай жасалып отырғанда неге қуанбасқа?! Қалайша бала туып, қазақтың санын көбейтпеске?!

Мен жас болсам да, көпбалалы аналардың ізін жалғап, еліміздің демографиялық жағдайына сүбелі үлес қосып отырғанымды азаматтық парызымның бірі деп санаймын. Өйткені, әрбір бойжеткен жасы келгенде тұрмысқа шығып, отбасын құрып, бесік тербету керек. Қазір біздің мемлекетте жас отбасылардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Орайы келсе, баспана алып, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесімен алаңсыз айналысуға болады.

Ана мен бала – үнемі мемлекет назарында. Ол жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауларында айтып, ертеңгі күнге деген сенімімізді шыңдай түседі. Ел болашағын ойлап, кемел келешек үшін қолдан келген барлық жағдайды жасайтын Президентiміздің: “Елбасы ретiнде мен әрбiр сәбидiң құқығы қорғалуын талап ететiн боламын. Бiздiң топырағымызда туған кез келген сәби – қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиiс”, – деген сөздері жүрегіме терең бойлап, жанымды жылылық нұрына бөледі. Осындай сөздерден қуат алып, жігерлене түсетінің айдан анық!

Айта кету керек, бұрын бізде өзіміздікі деген баспана болған жоқ. Туған-туыстарымыздың пәтерін жалға алып тұрдық. Бірақ қандай жағдай болса да, қиындыққа шыдап бағуға тырыстық. Жұбайым екеуміз де еңбек етіп, ұлымызға жақсы тәрбие беруді өз міндетіміз санадық. “Әр бала өз несібесімен” дегендей, үшем туғаннан кейін мемлекет тарапынан қолдау тауып, баспана мәселесі де оң шешілді. Сөйтіп, бір қуаныш екіншісімен ұштасып, жаңа екі бөлмелі пәтердің кілтіне ие болғанда бөркімізді аспанға атып, қуандық. Қасымызда – балаларымыз, басымызда – баспанамыз, бұдан асқан қандай бақыт керек?!

Жұбайым Жомарт екеуміздің ендігі мақсатымыз – ұл-қыздарымызды аман-есен ержеткізіп, ел үшін аянбай еңбек ететін азамат етіп тәрбиелеу. Олардың бойына патриоттық сезім ұялатып, Ата Заңымызды бағалай білуге үйрету. Өйткені, біздің өміріміздегі осынша жақсылықтың барлығы елімізде орнаған тыныштық, бейбітшілік, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ауызбіршілік арқасында жүзеге асып отыр. Сондықтан да өз басым ана мен баланы қамқорлығына алған тәуелсіз де еркін елдің азаматы болғанымды мақтан тұтамын. Құнды құжат болып саналатын Ата Заңымыз біздің тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекетті және бүкіл қоғамды берік етті. Олай болса, біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарап, оны қастерлеу. Бұл – әрбір азаматтың ұлы парызы.

Салтанат УӘЛИЕВА.

Петропавл қаласы.

СУРЕТТЕ: Жомарт пен Салтанат ұл-қыздарымен бірге.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp