Биылғы Білім күнінде біздің Қызылжар өңірінде екі үлкен қазақ мектебінің жаңа ғимараттары және бір аралас білім ордасы салтанатты жағдайда ашылып, оларда жалпы саны мыңнан астам шәкірттің сапалы білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалды. Мемлекеттік тіл деген биік мәртебесі бар ана тіліміздің мерейін өсірген мұндай жетістік бұрын-соңды болған жоқ десек, асыра айтпаспыз. Өз басым, облысымыздың өзінің әлеуметтік-рухани саласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойына арнаған ең басты тартуы осы деп білемін. Өйткені, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов нақылға айналып кеткен «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген сөзді бекер айтпаған болар.
Бүгіндері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылындағы, сондай-ақ, Тайынша қаласы мен Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылындағы «қарадомалақтар» мен олардың ата-аналарының айрықша қуаныш құшағында жүргендіктері анық. Қуанбағанда ше?! Өйткені, көптеген жылдар бойы аталмыш елді мекендер тұрғындарының басты мұқтаждықтарына айналған ең көкейкесті мәселелері оңынан шешіліп отыр.
Нақтырақ айтсақ, Новоишим ауылында 1991 жылы таратылған компартияның аудандық комитетінің босап қалған шағын ғимаратында ашылған 110 орындық қазақ орта мектебіндегі оқушылар саны жылдан-жылға көбейіп, 450-ден асып жығылған еді. Осыған орай аталмыш мектеп үш ауысыммен оқытуға көшірілген. Мұның өзі білім мекемесінде санитарлық талаптардың бұрмалануына әкеліп соқтырғандықтан, мектеп басшылығы кейінгі жылдары бірінші сыныпқа қабылданатын шәкірттер санына шектеу қоюға мәжбүр болған. Бұған талай ата-ана орынды реніш білдіргенімен, өз бүлдіршіндерін ауылдағы орыс мектептеріне беруден басқа амалдары қалмаған.
Тайынша қаласында да осыған ұқсас жағдай қалыптасып, бұдан ширек ғасыр бұрын аудандық атқару комитетінің ескі де тар ғимаратында ашылған шағын қазақ орта мектебінде де жылдар жылжып өте келе оқушылар саны 400-ден асқандықтан, үш ауысыммен оқытуға көшуге тура келген. Сөйтіп, тайыншалық қазақ балалары да өздерінің новоишимкалық құрбы-құрдастары сияқты үстіміздегі оқу жылына дейін спорт залы мүлдем жоқ мектепте, ауа жетпейтін тар бөлмелердегі тақтаға тым жақын қойылған парталарда көздерін ауыртып, сығылыса отырып оқуға мәжбүр болғанды.
Ал оларға шадыман шаттық сыйлап, таяуда ғана пайдалануға берілген Новоишимкадағы 400 орындық қазақ мектеп-интернаты мен Тайыншадағы 300 орындық қазақ орта мектебінің екеуі де Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында бой көтерген екен. Осылайша Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында Қызылжар өңірінде үшауысымды мектептер проблемасы ойдағыдай шешілді. Ел болашағын ойлаған Елбасына мың алғыс! Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің аталған маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысын өзінің тікелей бақылауына алып, олардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз еткен іскерлігіне де қалай риза болмассың?! Бұлай деуіміздің тағы бір себебі, Ерік Сұлтанов өңір басшысы қызметіне кірісісімен Петропавл қаласындағы құрылысы бірнеше жылға созылып, «сақалды нысанға» айналған Назарбаев Зияткерлік мектебінің ғимаратында қалыптасқан келеңсіз жағдайға тікелей араласып, оны бір жылдың ішінде салғызып бітіртіп, былтыр солтүстік-қазақстандықтардың игілігіне бергізгендігі де жадымызда.
Әділдік үшін тағы бір жайтты айта кетейік: Новоишим мен Тайыншадағы қазақ орта мектептерінің проблемасын 2012 жылдан бастап бірнеше мәрте көтеріп, олардың жобалау-сметалық құжаттарын алдын ала дайындатуға бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттары ұйытқы болған еді.
Ал кезінде Елбасының «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шетелдерден атажұртқа оралған отандастарымыз үшін жазық жерде жаңадан салынған Бәйтерек ауылының 300-ден астам баласы осыған дейін Қызылжардың қытымыр қысының қақаған аязды күндерінде де көршілес Бескөл ауылындағы мектептерге арнайы бөлінген автобустармен қатынап оқығанды. Сондықтан да алақандарына салып, аялап өсіріп отырған бүлдіршіндерінің денсаулығына алаңдаған ағайындар өздері табан тіреген елді мекенде бүгінгі заманға сай білім мекемесін салу мәселесін бес жылдан бері ұдайы көтеріп келгендігі мәлім. Алайда, өңірдің бұрынғы басшылары оларға Бәйтеректе жаңа мектеп салуға қаржы жетіспейтіндігін айтып, ақталуға тырысқан сыңай байқатумен шектелген. Тек Ерік Сұлтанов қана «Қазақстаным – атамекенім!» деп, алыстан аңсап келген қандас бауырлар алдында дәрменсіздік көрсетуге арланып, облыстық бюджеттен былтырдан бері 827 миллион теңге қаржы бөлгізіп, қазақ және орыс тілдерінде оқитын 300 оқушыға арналған осызаманғы білім ордасын бір жылдың ішінде салғызып берді. Бәйтеректік ағайындардың осы, көптен күткен қуанышына ортақтаса отырып, Қашаған жыраудың: «Хакімі əділ болмаса, бұқара байтақ ел – жетім», – деген аталы сөзін де еріксіз еске түсірдік…
Иә, «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, Тұңғыш Президентіміздің кемел басшылығының, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара білген дана халқымыздың ынтымақ-бірлігінің арқасында барша елімізбен бірге Қызылжар өңірінде де ана тіліміздің өзекті мәселелері біртіндеп оң шешімдерін тауып, қолданылу өрісі жылдан-жылға кеңейіп келеді. Алла жазса, қазіргі уақытта әлем мемлекеттерінің қайсысына болсын оңай тимей, өз Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр ғана толғалы отырған біздің жас елімізге де қиындық туғызып тұрған дүниежүзілік экономикалық дағдарыс та еңсеріліп, келесі кезекте Шал ақын ауданындағы тозығы жетіп тұрған Кеңес орта мектебі мен Айыртау ауданындағы спорт залына мұқтаж Бірлестік орта мектебі сияқты білім мекемелерінің проблемаларын шешудің де сәті түсетін күн туар деп сенеміз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.