Елімізде мемлекеттік тіл саясатына ерекше көңіл бөлінеді. Конституциямызда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі деп жазылған. Ана тіліміздің биік мәртебеге жетуін әр қазақ баласы мақтан тұтып, одан әрі берік нығайтып, жетілдіруге атсалысуы керек. Алаш қайраткері, ірі тіл маманы Ахмет Байтұрсынов 1914 жылы шыққан “Тіл құралы” деген еңбегінде: “Кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, содан соң басқаша оқытуымыз керек”, – деген еді. Иә, бүгінгі таңда үш-төрт тіл білу – міндет, өмірлік қажеттілік. Орыс тілін білсең – жақсы. Шет тілін білсең – тамаша. Алайда, ана тіліңді білмесең, айыптың үлкені сол. Сондықтан бастауыш сыныптарда қазақ тіліне басымдық беріліп, ағылшын тілін орта буыннан бастап оқытса да кеш болмас еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы болып табылады”, – деп атап көрсеткен.
Туған тілімізді тәуелсіз еліміздің ресми тіліне айналдыру – бәріміздің міндетіміз. Қазіргі күні мемлекеттік тілді дамыту қарқын алып келеді. Көптеген ата-аналардың балаларын мемлекеттік тілді жетік меңгеруі үшін қазақтілді мектептерде оқытып жатқандары қуантады. Бірақ қазақ мектебінде оқитын сол балалар ата-аналарымен орыс тілінде шүлдірлескені жанымызға батады. Бұл балалармен ғана емес, ересектермен де жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетеді.
Қазақ тілінің мәртебесін нығайту, қолданыс аясын кеңейту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының тілдерді оқыту орталығында жыл сайын 2300-ден астам ересек тыңдаушы үшін 140 топ ұйымдастырылып, мемлекеттік тілді оқыту сабақтары өткізіліп келеді және тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Мысалы, мемлекеттік қызметшілер арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген “Құлақтан кіріп бойды алар” облыстық байқауын айтуға болады. Тіл үйреніп қана қоймай, орталық ұйымдастырған іс-шараларға қатысқан тыңдаушыларымыздың белсенділігі қуантады. Қазақ тілін үйренгім келеді деген өзге ұлт өкілдері де баршылық: Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары, кейбір банк қызметкерлері. Дегенмен, мұндай талапкерлердің саны көп емес. “Уақыт жоқ, жұмыс көп” деген сылтау айтады, бірақ оның себебі басқада ма деймін. Ана тілімізге деген қажеттілікті сезінбеуде, қойылатын талап әлсіз. Егер әр мекеме басшысы өзі қазақ тілін жақсы меңгерген болса, жұмысқа қабылдау кезінде өз қызметкерінен мемлекеттік тілді білуді талап етсе, жағдай басқаша болар еді. Мысалы, Германия азаматтығын алу үшін сол елдің мемлекеттік тілі – неміс тілін жақсы білетіндігіңді дәлелдеуің керек. Емтиханнан сүрініп, дәлелдей алмасаң, саған ол елдің азаматтығы берілмейді. Мүмкін, талап қатты болып көрінер, бірақ тіліңді құрметтеуге үйретеді.
Тіл жағдайы өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отырады. Тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, қоғамның барлық саласында қолданылмай отырғаны қынжылтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруға шақырып, бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару қажеттігін айтты. Олар тіл үйрету барысында негізінен оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізу мәселесі көтерілуде. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.
Өзін Қазақстанның азаматымын деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт деп ойлаймын. Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Мәңгілік ел атану үшін де қазақ тілінің рухы асқақ та биік болғаны жөн.
Нұргүл ҚАБДЕНОВА,
тілдерді оқыту орталығының әдіскері.