Ұлт басылымы «Ана тілі» газетінің бағыт-бағдарымен көзі қарақты оқырман жақсы таныс. Ең басты мақсат – қазақ тілінің мән-маңызын жұртшылық арасында кеңінен насихаттап, оның ел өмірінде қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу.
Тілге қатысты мақалалар газет бетінде «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры», «Тілі мықтының – елі мықты», «Тілге көзқарас – елге көзқарас», «Тілбұзарға – тосқауыл» секілді айдарлармен үзбей жарық көріп келеді. Осы айдарлармен берілген материалдарда тілімізді тұғырлы етудегі атқарылған істермен қатар орын алып отырған кемшіліктер, көңіл бөлер жайттар өзек болады. Ұмыт болған көне сөздерді, қолданысқа енген жаңа сөздерді танып-білуде ай сайын берілетін «Сөзтаным» арнаулы бетінің де орны ерекше.
Тіл мәселесін өзгелерден бөлек, жеке-дара қарай алмайтынымыз белгілі. Тіл барлық салаға қатысты. Міне, сол себепті де газетімізде тіл тақырыбынан басқа тарих, мәдениет, әдебиет мәселелері, озық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды дәріптеу, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жайы да сөз етіледі.
Газет жұмысына өзгеріс, жаңалық тән болуы тиіс. Бүгінгі оқырман осыны қалайды. Соңғы уақытта басылым бетінде жаңа айдарлар пайда болды. Олар: «Мұражай: жадының жаңғыруы», «Аймақ театры», «Сахара шаһарлары», «Безбен», «Сандықта сақталған сурет», «Төрт түлік атаулары» және басқалар. Бұл айдарлармен жарық көріп жатқан дүниелерде ұлт тарихының тылсым сырлары, әдеби шығармалардың қазіргі деңгейі, жергілікті театрлардың тыныс-тіршілігі, қазақы атаулардың жай-күйі қамтылып жүр.
Қазақтың қойнауы қазынаға бай, талай дарынды ұл-қызды өмірге әкелген қасиетті жерлерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысының рухани өмірі, ардақты азаматтары жайлы мақалалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Реті келіп тұрғанда редакциямен жиі хабарласып, өңірден мақалаларын жолдап отыратын тілеулестеріміздің аты-жөндерін атай кетейік. Олар: Қуанышбек Шәріпов, Ғазиза Кішібаева, Мәрлен Мәлікұлы, Асан Нарынбаев және басқалар. Өңірдің адамдары, олардың игілікті істері туралы хат жолдап отыратын басқа да авторларымызға шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Қазіргі уақытта «Қазпочта» бойынша «Ана тілі» газетіне 2015 жылға жазылу жүріп жатыр. Атап айтсақ, жеке жазылушылар үшін: индекс 65367, қалалықтар – 2960 теңге 40 тиынға, ал аудан мен ауылдағы оқырмандар 3113 теңге 28 тиынға жазыла алады. Кәсіпорын мен мекеме үшін: индекс 15367, қалалықтар – 5490 теңгеге, аудан мен ауылда тұратындар 5642 теңге 88 тиынға жазыла алады.
Ұлттық мүддеге, туған тіліміздің тұғыры биіктей түсуіне қызмет етіп келе жатқан «Ана тілінің» оқырмандары келесі жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде көбірек болады деген сенім бар.
Самат ИБРАИМ,
«Ана тілі» газетінің Бас редакторы.