«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АНА ҮЙІНЕН” ПАНА ТАПҚАНДАР

Осыдан екі жыл бұрын Петропавл қаласында ашылған “Ана үйі” бүгінгі таңда тоғыз әйел мен жеті сәбиге пана болып отыр. Қазақстанның 18 қаласында осындай 26 үй жұмыс істеуде. Жаны жомарт жандардың мұрындық болуымен жалғызілікті аналарға арналған әлеуметтік жобаның мақсаты – қиын жағдайға тап болған аналарға қолдау көрсету. Осы аралықта Қазақстан бойынша 1500 жас анаға көмек көрсетілген.

Өмір толқынына қарсы тұра алмай, сүрініп кетіп, сан соққан жас аналардың тағдырлары әртүрлі болғанымен, мақсаттары бір, ол – қиындыққа мойынсұнбай, жаңа өмір бастау.

Әрине, өткен күндерге ойша оралып, жанына жақын санап жүрген адамынан көрген қатыгездік туралы айтып беруге біреу келіссе, біреулер үнсіз ғана ауыр күрсініп, басын шайқайды.

25 жастағы Майра (барлық кейіпкерлердің жасы мен есімдері өзгертілген – ред.) “Ана үйіне” осыдан бірнеше ай бұрын келген. Әке-шешеден ерте жетім қалған ол осы уақытқа дейін ағайындарының қолында тұрған. Бірақ сәбиін құшақтаған жас ана жақында далада қалған. Оның айтуы бойынша, туыстары үйде отырып бала туғанын бетіне басып, шыдатпаған. Ол аздай сәбилі болған соң мемлекет тарапынан босанған анаға берілетін аздаған ақшасын да өз қалталарына басып қалған. Түн ортасында баласымен көшеде қалған Майра “Ана үйі” қоғамдық қорының үйлестірушісі Ғалия Балтабаеваға телефон соғып, жағдайын айтып, көмек сұраған. Барар жері, басар тауы болмаған ана дер кезінде көрсетілген қамқорлықтың арқасында қазір “Ана үйін” паналап жүр. Жағдайы жақсы. Бірақ қыстың ызғарлы сол түнінде көк тиынсыз, құндақталған шақалағымен басына пана іздеп көше кезгені есіне түскенде көзіне жас үйірілді.

Жасы жиырмадан енді ғана асқан Светаның келгеніне де көп болмаған. Ол аз қамтылған отбасында дүниеге келген. Өзінен кейін екі бауыры бар. Ата-анасы ішімдікке салынып кеткен соң туған бауырларды бір-бірінен айырып, жетімдер үйлеріне жіберген. Мектепті тамамдаған Света Астана қаласындағы кәсіби-техникалық колледжге оқуға түскен. Ән айтып, суретті жақсы салатын бойжеткен оқу оқып жүріп, інілеріне көмектесу үшін жұмысқа орналасқан. Алға қойған мақсатына ұмтылған бойжеткен бір жігітпен танысып, сөз байласып, оған тұрмысқа шығуды ойлаған. Бірақ күндердің күнінде Светлананың екіқабат екенін естіген жігіті көп ойланбай кетіп қалған. Үлкен қалада өзін жалғыз қалғандай сезінген ол босануға бірер ай қалғанда Петропавл қаласына келіп, үй жалдап тұрған. Кейін облыстық перинаталдық орталық қызметкерлерінің ақыл-кеңесін тыңдап, “Ана үйіне” келген. Ата-анасынан тірідей жетім қалған бойжеткен басынан өткен қиындықты ұлына көрсетпеу үшін белді бекем буған. Сәбилі ана қол қусырып отырған жоқ. Қазір облыс орталығындағы бір мейрамханада мемлекеттік емтихан алдындағы тәжірибеден өтіп жатыр. Жақында ол Астанаға барып, диплом қорғайды.

Үйсіз-күйсіз қалған аналар мен тірі жетімдер санын азайту үшін ашылған “Ана үйінде” барлық жағдай жасалған. Жатын және ойын бөлмелері, асхана, қонақ бөлме, тіпті көктемде көкөніс, жеміс-жидек егетін үлкен бау-бақша да қарастырылған. Медицина қызметкері Раушан Алдабекова сәбилердің денсаулығын қадағалап, дер кезінде көмек көрсетіп отырады. Бір-бірімен жақсы тіл табысып кеткен аналар балаларын бірге бағып, үй ішіндегі тазалықты қадағалап, тамақты кезекпен дайындайды. Мұның барлығы – оларды еңбекке баулудың бір түрі.

“Ана үйінде” 1 жыл көлемінде, ал егер жетімдер үйінің тәрбиеленушілері болса, 1,5 жылға дейін тұра алады. Уақыт өтіп, ана мен бала өзінше өмір сүруге аяқ басқанда оларда ертеңгі күнге деген алаңдаушылық болмау үшін де біраз жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Мәселен, аналар компьютермен жұмыс істеуге үйренеді. Бүгінгі күнге дейін бұл бағытта 8 ана оқу оқып сертификат алса, төрт нәзік жанды шаштараз мамандығы бойынша білімдерін жетілдірген. Киім тігумен шұғылданғысы келетіндерге де қолайлы жағдай жасалған. Екіқабатты ғимараттың ішіне әрқайсысы 200 мың теңге тұратын үш тігін машинасы қойылған. Іс тігумен айналысқысы келетін аналарды аптасына үш күн, төрт сағаттан арнайы маман келіп оқытады. Су жаңа іс тігетін машиналармен жұмыс істеуге ниет білдірген аналар алғашында сәбилеріне арнап әдемі киім-кешектер тіге бастаса, бүгінде бұл іске икемделіп алғандары төсек орындармен айналысуда. “Ана үйінің” негізгі құрылтайшысы “BI Group” холдингінің төрағасы Айдын Рахымбаев осындай жол арқылы аналардың күні ертең жұмыссыз қалмауларын жан-жақты ойластыруда. Жомарт жандардың жақсылығын түсінген аналар мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалана алса, құба-құп.

Екі жылдың ішінде тағдыры тәлкекке түскен жиырмадан астам келіншекке көмек қолын созған “Ана үйінің” үйлестірушісі Ғалия Балтабаева олардың әрқайсысына туған қызындай қарайды. Ыңғайы келгенде емен-жарқын әңгімелесіп, әйелдің жұбайына, сәбидің әкесіне қосылуына қолдан келгенше көмектеседі. Бүгінге дейін үш ана тұрмыс құрып, отбасы түтінін түтетуде. Жақында тағы бір болашақ ана тұрмысқа шығады деп күтілуде.

Самал – оқу оқимын деп арман қанатына ілесіп ауылдан келген бойжеткен. Қазір жүктіліктің соңғы айында жүрген ол өзінің екіқабат екенін білмей де қалған. Бойына бала біткенін тек жетінші ай болғанда ғана түсінген бойжеткен күні-түні жылап, не істерін білмей, қатты қобалжыған. Болған жағдай жайында ата-анасына айтуға қорыққан. Ойнап жүріп, от басқан бойжеткеннің денсаулығына алаңдаған құрбылары “Ана үйіне” баруға кеңес беріпті. Айы-күні жетіп, әне-міне босанғалы жүрген жас анаға облыстық перинаталдық орталықтан арнайы шақыртылған маман келіп, психологиялық көмек көрсеткен. Қазір болашақ ананың жағдайы жақсы. Ғалия Балтабаева тиісті мекемелерге хабарласып, “жоғалып” кеткен жігітті іздестіріп, ұялы телефонын тауып берген. Қазір екеуі сөйлесіп жүрген көрінеді. Күні ертең өмір есігін ашқалы тұрған сәбидің болашағына алаңдаған ол, екі жас қосылып, шаңырақ көтерер деп үміттенеді.

– Қазір отбасында ана мен қызы арасындағы байланыс өзекті мәселеге айналып тұр. Күйбің тірлікпен жүрген көптеген аналар өз қыздарына тиісті тәрбие бере алмайды. Ашық сөйлесіп, осындай мәселелерді айтып отырса, қыздар отпен ойнағанның аяғы неге әкеп соғарын біліп жүрер еді. Жастар барлығын өздері біледі, керек болса, оқып алады деп қол қусырып отыра бергеніміз болмайды. Қызға қырық үйден тыйым қоятын уақыт жетті. Және бұл мәселемен аналар ғана емес, мектеп ұстаздары, медицина қызметкерлері де айналысулары керек, – дейді Ғалия Балтабаева.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp