«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АНА ҮЙІ” АШЫЛДЫ

Тәуелсіздік мерекесіне орай облыс орталығында “Ана үйі” қайырымдылық қорының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Өткен жылы “BI – Group” холдингінің жетекшісі Айдын Рахимбаевтың және оның зайыбының бастамасымен Астана қаласында ашылған “Ана үйі” облыстарда да шаңырақ көтерді. Жалғызбасты аналарға арналған дағдарыстық орталықтың Петропавл қаласында бой көтергеніне алты айдың жүзі болды. Игі бастама жайында мақала газетіміздің 22 шілде күнгі санында “Ана үйі” бізде де бар” тақырыбымен шыққан болатын.

Бастапқыда орталықты сәбилерімен екі жас ана паналады. Көп ұзамай олардың саны жетеуге жеткен. Екеуі отбасыларына оралған. “Ана үйінің” тұрғындары орталық жайында әртүрлі ақпарат көздері арқылы білген. Мәселен, 21 жасар Жанель орталықтың Петропавл қаласында ашылғандығын газетімізден оқыса, екіншісі дәрігерден естіген.

Салтанатты шараға “Ана үйі” қайырымдылық қорының атқарушы директоры Балия Кенжеболатова қатысты. Ол өз сөзінде жалғызбасты аналарға арналған мұндай дағдарыс орталықтарының пайдасына тоқталды. Қайырымдылық қоры ашылғалы 568 жалғызбасты анаға көмек көрсетілген. Бір жарым жыл ішінде олардың тең жартысы өз отбасыларын құрса, кейбіреулері ата-аналарының қамқорлығын көрген.

Орталықтардың демеушілері – қазақстандық бизнесмендер. Мәселен, Петропавлдағы “Ана үйін” “Цеснабанк” акционерлік қоғамының төрағасы Дәурен Жақсыбек қаржыландыруда. Аталмыш үйлерде аналар мен олардың сәбилеріне барлық жағдай жасалған. Азық-түлік, жатын орын, сәбилердің дәрі-дәрмегі, киім-кешегі, жиһаздары – барлығы тегін. Тіпті, аналардың бос уақыттарында білім алуларына да жағдай жасалған.

Петропавлдағы орталықтың алғашқы түлектері де бар. Бас-аяғы бес айдың ішінде аналар шаштараз мамандығын меңгеріп үлгерген. Қайырымдылық қорының ұстанған бағыты да осы. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген аналардың жан-жақты дамып, білім алуы үшін барлық жағдайды қарастыруды көздейді. Қайырымдылық қоры жергілікті жердегі денсаулық, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен өзара ықпалдастық жөнінде меморандумға қол қойған. Іс-шара барысында Балия Кенжеболатова аты аталған ведомстволардың облыстағы өкілдерімен келісімшартқа отырды. Алдағы уақытта қыз-келіншектер облысымыздағы білім мекемелеріне оқуға түсіп, баянды болашақтарын құруға мүмкіндік алады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp