«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА — ӨМІРДІҢ АЖАРЫ

 

Бүкіл республикамыз бойынша бастау алған “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” 25 жұлдызды күн акциясы аясында облыс әкімі Ерік Сұлтанов көпбалалы аналармен, мәдениет, білім және кәсіпкерлік салаларының өкілдерімен кездесті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада ұйымдастырылған тағылымы мол кездесу отбасы құндылықтары тақырыбына арналды.

Өңір басшысы Ерік Хамзаұлы ақ жаулықты аналар мен барша жиналған қауымды 1 желтоқсанда аталып өткен Тұңғыш Президент күнімен және Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

– Отан отбасынан басталады. Әр отбасында ата-ананың орны бөлек. Бала әкеден – ақыл, анадан мейірім алады. Елбасының сындарлы саясаты арқасында бүгінде мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайта түсу үшін барлық жағдай жасалып отыр. Ел экономикасының қарышты қадаммен алға басуына аналар қауымының да қосып отырған үлесі зор, – деген өңір басшысы Ерік Сұлтанов облысымызда болып жатқан жағымды жаңалықтармен бөлісті. Облыс әкімі екі аптадан кейін Петропавл қаласында Халықаралық әуежайдың ашылатынын жеткізді. Және басқа да салалар бойынша барлық істердің жоспарға сай жүзеге асып жатқанына тоқталды.

Отан, отбасы, бала тәрбиесі, салт-дәстүр сияқты маңызды тақырыптарға арналған кездесуде облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Людмила Абросимоваға “Күміс алқа” табыстап, барша аналарға ақ тілегін жеткізді. Айта кету керек, бүгінгі таңда облысымызда 5 мыңға жуық көпбалалы ана тұрады. Олардың 468-і “Батыр ана” атағына ие. Осындай деректерге тоқталған облыс әкімі Ерік Сұлтанов демографияны көтеру үшін жас отбасылар көп бала тәрбиелеп өсірген өнегелі ата-аналардан үлгі алса, нұр үстіне нұр болады деген ойымен де бөлісті.

Халықта “Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” деген жақсы сөз бар. Расында да, әйелдер қауымынсыз мына әлемді елестету мүмкін бе?! Әрине, жоқ. Өйткені, әйел – тіршіліктің өзегі, әр шаңырақтың киесі, өмірдің гүлі мен сәні.

Әдемі өрілген әңгіме, сазды әуенмен үйлесім тапқан мерекелік шара барысында қос тізгінді қатар ұстап, ел экономикасының дамуына белсенді араласып жүрген әйел-аналар мен ер-азаматтар сөз сөйлеп, ақ тілектерін айтты.

Ардагер ұстаз Валентина Кондратова өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына ойша оралып, сол кездегі сыннан сүрінбей өтіп, бүгінгі жетістіктерге қол жеткізуіміздің барлығы Елбасының сындарлы саясаты арқылы мүмкін болғанын тілге тиек етті. Кездесуде сөз алған білікті ұстаз, бес баланың анасы Гүлдана Қайықбаева – “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында тұрғызылған Бәйтерек ауылының тұрғыны. Елбасының саясаты арқасында отбасымен бірге Өзбекстаннан елге оралған Гүлдана Абдоллақызы жаңа оқу жылында іске қосылған мектеп пен фельдшерлік-акушерлік қосынның ашылуы жағымды жаңалық болғанын айта келе, ауыл тұрғындары атынан Елбасына және облыс әкіміне ризашылығын білдірді. Тайынша ауданынан келген дәрігер-хирург, бес баланың әкесі Жасқайрат Бинашев денсаулық сақтау саласында да басушылықтың арқасында мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалғанын атап етті. “Сегіз қырлы, бір сырлы” азамат сөз соңында жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, “Туған жер” атты халық әнін домбырамен нақышына келтіре отырып орындап берді.

“Айналайын” сөзімен аялап, шаңыраққа шуақ нұрын шашқан аналарға арналған шара музыкалық бағдарламамен жалғасты. Әншілердің әр жыры бұл күні “Ана” сөздерінен басталса, гүл шоқтары да тек соларға ғана арналды.

Өмірдің шырақшысы болған аналар кездесу соңында облыс әкімі Ерік Сұлтановпен естелік суретке түсті.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp