«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА ӨНЕРІН АРДАҚТАҒАН ЖАН

Бүгінгі таңда қазақ қолөнерінің сан алуан түрі бар. Оны үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көптеп қолданады. Ою-өрнек салу да қолөнердің таптырмас түрі. Қуанарлығы – бүгінде әдемі оюмен көмкерілген неше түрлі тамаша дүниелер бар екеніне күн сайын көз жеткізіп отырмыз. Қазір үлкен әжелеріміз де, олардан үлгі алған қыз-келіншектер де ине-жіпке біртабан жақындап, ұмыт болып бара жатқан құндылықтарымыздың қыр-сырын қайта меңгеруде. Бұл дегеніміз ұлттық салт-дәстүріміздің жанданып, қолданысқа ене бастағанының бірден-бір көрінісі болып табылады. Осындай үлгілі жандардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Күлпан Каипова.

Отбасының берекесін келтіріп, балаларына үлгі-өнеге көрсете білген ісмер жанның мамандығы – мұғалім. Ол осы салада біраз жылдар бойы сапалы еңбек еткен. Бірақ балалы-шағалы болған соң ендігі бар уақытын ұлдарының, қызының тәрбиесіне арнауды дұрыс деп ойлаған.

– Балалар кішкентай болды, олармен бір адам айналысуы керек қой. Сондықтан біраз жыл үйде отырып қалдым. Түсіне білген адамға әйел затына үйдің жұмысы, бала тәрбиесінің өзі артығымен жетіп жығылады ғой. Балабақшасы, мектебі, қосымша сабағы бар дегендей. Осылай жүріп отағасы екеуміз балаларды ержеткіздік. Жұбайым Беспай Каипов грек-рим күресінен Қазақстанның еңбек сіңген бапкері, спорт шебері, 2011 жылғы жетінші қысқы Азия ойындарының алаугері. Бүгінгі таңда екеуміз де зейнет демалысындамыз. Ұлды – ұяға, қызды қияға қондырып, немере-жиен қызығын көріп отырған жайымыз бар. Міне, қарап отырсам, жас кезіміз осылай үй, бала деп жүргенде зулап өте шыққан екен. Енді сол бейнеттің зейнетін көріп, ағайын-туыстың ортасында ақырындап жүріп жатырмыз. Балалар өскен соң менің қолым біраз босады. Сөйтіп, ине-жіп ұстауға да бос уақыт табылды. Негізінде мен өзім бала кезімнен тоқуға, тігуге икемдімін. Оның барлығын анам Камал Бәшенқызының қасында жүріп үйрендім. Қазақта “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деген мақал бар ғой. Міне, мен де сол бала кезімде үйде жүріп, анашымнан үйренгенімді әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Әйел адам болған соң өнердің қай түрін үйренсең де, артық етпейді. Сондықтан түрлі нәрселерді тоқимын, ою-өрнегін салып, төр көрпе, қоржын, қалта сияқты әр үйге қажетті нәрселерді өз қолыммен жасай беремін, – дейді ол.  

Күлпан апамыздың басқа қолөнер иелерінен бір ерекшелігі бар. Ол үнемі ізденіп, небір тамаша дүниелердің жаңа түрлерін жасап шығарғанды жақсы көреді екен. Мәселен, қалта, қоржын деген заттар қазір өте көп, олардың дөңгелек, төрт бұрышты пішіні көбіне бір-біріне ұқсас болып келеді. Осыған жаңа леп беріп, өзінше өзгеріс енгізгісі келген қолөнер иесі сандық, машина, кішкентай баланың арбасы, жүрекше, бесік сияқты әп-әдемі дүниеліктер жасайды екен. Көрген көздің жауын алар заттардың барлығы бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысы өзінше, ерекше бір шығармашылықтың жемісі екенін бірден көруге болады. Пішіні де әртүрлі. Оның таңдап алған түстерінің өзі қандай десеңізші?! Қызыл, көк, сары, алтын түстес сияқты. Өз қолымен тіккен төр көрпелерін жайып жібергенде небір қымбат кілемдерден де артық болып көрінетін сияқты. Ал түрлі түсті етіп жасаған дорба-қоржындары қандай да бір тойдың ажарын ашары анық.

– Бір кездері дүние деген қат болды ғой. Ақша болса да ала алмайсың. Небір дүние алу үшін істеп жүрген жұмыс орныңда тізімге тұрасың. Кезегің келгенде үйге қажетті затыңды аласың. Оны және апталап емес, айлап тосасың. Міне, сондай бір кезегім келгенде іс тігетін машина алдым. Сол кезде қызым үш айлық қана. Қолым босай қалса киім-кешек, басқа да заттарды тігіп аламын. Сол тігін машинама қазір жиырма бес жыл болды. Мына көрпе-қоржындардың барлығын сонымен тігемін. Қазір ақшаң болса, бәрін сатып алуға болады ғой. Бірақ ескі болса да, осы тігін машинам өзіме сондай ыстық көрінеді. Сондықтан ба, әйтеуір, оны ауыстырғым келмейді, – дейді ол.

Үйге қажетті заттармен қатар, Күлпан Шаяхметқызы киім де тігеді екен. Оның ішінде көбіне Анеля есімді кішкентай немересіне арнап қазақтың түрлі қос етек көйлектерін, оюланған бас киімдерін де өз қолымен тігіп береді екен.

– Сатып алсаң осының бәріне қыруар ақшаң кетеді. Одан да өз қолыңмен тіккен дұрыс емес пе? Әдемі де, сапалы да. Мен тапсырыс бойынша да жұмыс істеймін. Кішкентай зат болса үш-төрт сағатта жасаймын. Үлкен дүниелер болса бес-алты күн кетеді. Бағасы да әртүрлі, арзаны – 1-2, қымбаты 3-4 мың теңгеден аспайды. Өзіңіз білесіз ғой, қазақ – қонақжай халық. Той-томалақ көп. Ондай жерлерге барғанда да сыйлыққа қосып, қолөнердің бірін бере қоямыз. Пайдалы әрі әдемі. Жақында бір той жасадық, сонда асүйге қажетті жүз шақты нәрсе тіктім. Сөйтіп, келген қыз-келіншектерге тараттым. Ондағы мақсатым – жастардың осыны көріп, үйренсін, ізденсін деген ойым ғой. Жас келіндер ине-жіпке жақын болса, жақсы емес пе? Қашанғы дүкеннен дайын дүниелерді сатып ала береміз? Одан да өз қолымызбен өзіміз тігіп, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайық, – дейді Күлпан Каипова.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp