Петропавлдық “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі антисептик шығара бастады. Қазақстанда коронавирус дертінің таралуына байланысты нарықта аталған өнімге сұраныс күрт артқанын ескерген кәсіпорын басшылығы зарарсыздандыруға арналған сұйықтық өндірісін бастап кетті.
“Радуга” – көпсалалы кәсіпорын. Зауыт жүгері таяқшасы, тез дайындалатын кеспе сынды тамақ өнімдерінен бастап күнделікті тұрмысқа қажетті пластик бұйымдар, гигиена құралдарына дейін өндіреді. Кәсіпорында жалпы саны 500-ден астам тауар түрі шығарылады.
Серіктестік мамандары ДДҰ-ның бекіткен талаптарына сай антисептиктің алғашқы сынама үлгілерін жасап шығарды. Сынақтан сәтті өткен жаңа тауар санаулы күндерден кейін саудаға шығарылмақ.
– Антисептик жасау үшін 96 пайыздық спирт пайдаланамыз. Оған сутегі тотығын қосып, глицерин араластырамыз. Нәтижесінде, 60-70 пайыздық антибактериалды өнім дайын болады. Жасалу әдісі қарапайым. Күнделікті тұрмыста өте қажет. Әсіресе, қазіргі жағдайда. Біз барлығын тұтынушы үшін жасаймыз, – дейді кәсіпорынның технолог-зертханашысы Юлия Бызова.
Кәсіпорын мамандары аталған сұйықтық түрлі аурулар тудыратын бактериялармен және вирустармен күресте таптырмас құрал екенін атап өтті. Әзірге дайын өнім қапталып, қоймаға жөнелтілуде.
– Біз айына 30 тонна антисептик шығара аламыз. Қазіргі кезде дезинфекциялық құралдардың кез келген түріне сұраныс жоғары. Тіпті, тауардың бұл түрі тапшы деуге де болады. Біздің өнімнің бағасы қолжетімді. Қарапайым халық үшін бұл аса маңызды, – дейді көпсалалы “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дмитрий Шарапаев. Кәсіпорын басшысының сөзінше, спирт Қарағанды мен Степногорск қалаларынан жеткізіледі.
Қажетті қор жинақталғаннан кейін өнім алдымен жергілікті әкімдіктің сұранысы бойынша облыстағы мектеп, балабақша, тағы басқа әлеуметтік нысандар мен сауда орталықтарына жеткізіледі. Кейін аудан орталықтары мен Қазақстанның барлық өңірлерінде саудалау да жоспарда бар.
Эльмира КӘЛЕНОВА.