«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТЫНА АДАЛ АЛТЫНБЕК

Мешін жылын қарсы алуға санаулы сағат қалғанда, дәлірек айтсақ, өткен жылдың отыз бірінші желтоқсанында облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында тілсіз жаумен айқас үстінде №5 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғаныс аға сержанты Алтынбек Абдрахманов мерт болды.

Дәл сол күні кезекшілік атқарған Алтынбек суыт хабар жетісімен әріптестерімен бірге оқиға орнына жетеді. Петропавлдағы Мәскеу қысқа көшесі, 1 мекенжайында орналасқан бірқабатты екі пәтерлі жекеменшік тұрғын үйден шыққан өртті ауыздықтауға жиырма төрт адам мен сегіз техника жұмылдырылды. Тілсіз жаумен күрес он екі сағатқа созылды. Осылай өртсөндірушілер отпен арпалысып жүргенде көршілердің бірі іште кісі қалып қойғанын айтады. Осы сөздерді естіген Алтынбек көп ойланбастан, қызыл жалынға қойып кетеді. Дәл осы кезде үйдің төбесі опырылып түскен. Осылай өзгенің өмірін арашалауға ұмтылған 27 жасар Алтынбек оқиға орнында көз жұмды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрлан Атығаевтың айтуынша, 2009 жылдан бері өртсөндіруші болып жұмыс істеген Алтынбек бөлімше командирі қызметіне осыдан үш ай бұрын тағайындалған екен. Алғыр, берілген тапсырманы екі етпей, уақытында орындайтын Алтынбек қызметіне адалдық танытты, жұмысын өте жақсы көрді. Ауылдағы ата-анасы да жан дегендегі жалғыз ұлының болашағынан зор үміт күтетін еді.

Арада көп ұзамай біздің редакциямызға Алтынбектің әкесі Орал аға арнайы келді. Күтпеген қасіреттен қайғышерлі болып, күрсінісін жанарына жасырған адамның жан жарасына ауыр тиетін сауал қоймауға тырысып бақсақ та, Алтынбектің азаматтық тұлғасын аша түсу үшін ол жайлы сан сұрақ қоюға тура келді.

Алтынбек кішкентай күнінен Шал ақын ауданының Қаратал ауылында тұратын атасы мен әжесінің қолында өскен. Ауыл тірлігі онда өмір сүрген адамға бесенеден белгілі ғой. Мал жайлау, есік алдын қардан тазалау, отын жару, су тасу сынды жұмыстар ауыл өмірінің бітпес науқаны іспеттес. Ауылдың осындай күйбең тірліктерін кемпір мен шал қайдан атқарсын? Осылайша, Алтынбек ата-әжесіне қолғабыс бола білді. Оныншы сыныпта оқып жүргенінде ғана бір жылдан соң болатын сындарлы сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу үшін туған ата-анасының үйіне қоныс аударған екен. Талаптанған адамның тасада қалмайтыны сөзсіз. Алтынбекті туған үйіне жетелеген де осы арман еді. Сөйтіп, ол Петропавлдағы педагогикалық-техникалық колледждің “Механика” мамандығына оқуға түсті. Болашағын техника саласымен байланыстыруды қалаған өрен сабақтан бос кездері мен мерекелерде берілетін демалыстарда өзі өсіп-өнген Қараталға жетуге асығатын. Туған әке-шешесінің амандығын білгеннен соң, атасы мен әжесі тұратын үлкен шаңыраққа жүгіретін. Қос қарияның саулығына өз көзімен куә болу оның ауылға келгендегі әдеті еді.

– Балам шаруаға өте жақын болды. Ірі қара, ұсақ малдардың, жылқының жайын, соғым сою мәселесіне қатысты өз пікірлерімен бөлісіп отыратын. Оның ауылға келгенін естіген сыныптастары, жора-жолдастары сол күні табан құрғатпай, үйге келіп, әңгіме-дүкен құратын. Достарының барлығы оның жағдайын сұрап, мәз болысып, таңға дейін шүйіркелесетін, – деп ұлының ерекше елгезектігін еске алды Орал аға.

Алтынбектің бойына ержүректілік, батылдық, өжеттік сияқты екінің бірінде кездесе бермейтін қасиеттер кішкентайынан әженің тәлімімен, атаның тәрбиесімен дарыған. Оның өртсөндіруші болуы да кездейсоқ емес еді. Ол колледжді бітірісімен Отан алдындағы борышын өтеуге асығып, әскерге аттанды. Алматы қаласында әскери міндетін өтеген ұлының тәртібіне берілген оң баға – Алғыс хаттар ауылда үміттерін үкілеп отырған ата-анасының мерейін тасытып тастаушы еді.

Алтынбек әскерден оралған соң облыстық төтеше жағдайлар жөніндегі департаменттің “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” бөліміне жұмысқа орналасыпты. Еңбегінің жемісін көргеніне көп уақыт өтпестен, Жанар есімді жан серігін жолықтырып, үйленген. “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы Петропавл қаласының “Береке” шағынауданынан екі бөлмелі пәтерге ие болған. Бұл жас жұбайлар үшін үлкен қуаныш болды. Әттең, сол бақытты күндердің ұзаққа созылмағаны өкінішті-ақ.

Көзі тірісінде ұлының атқарған әрбір өнегелі ісі, адамдармен жылы қарым-қатынасы, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілік танытуы – барлығы да әкесі Оралдың санасында жаңғырып тұр. Оның ауылға келгенде анасына арнайы тапсырыспен пісіртетін тағамдары бүгін де дастарқанда жайнап тұрғанымен, оларды тамсана жейтін Алтынбектің орны ойсырап тұр. “Алтынбегім ұсақ туралған еттен пісіретін тағамдарды қатты жақсы көретін. Жұмысынан қолы қалт еткенде бала-шағасын ертіп, ауылға аттанатын. Келер алдында анасымен хабарласып: “Бәліш пісіріп, айран ұйытып қойыңызшы”, – деп немесе өзінің сүйіп жейтін басқа да асын дайындап қоюды өтінетін. Оның бұл өтінішін естіген анасы құрақ ұшып, тамақ пісіруге кірісіп кететін”, – дегенінен-ақ Алтынбектің отбасының еркесі болғаны аңғарылады.

Бүгінде оның артында ұлы мен қызы қалды. Көзі тірісінде балаларына асқар таудай әке бола білген ол қос құлынын ерекше жақсы көрді. Балапандарын өз уақытында, әсіресе, қыстың қытымыр аязында автобус күттіріп, тоңдырмай, үйлеріне жақын жерде орналасқан балабақшаға апару үшін жұмысын өзі тұратын шағынаудан жанындағы бөлімшеге ауыстыруы да әкелік қамқорлығының айғағы емес пе?!

Алтынбектің көзіндей Ерасылдың есімін үлкен атасы қойған екен. Бұлай атаудың да астарында үлкен мағына бар сияқты. Әйтеуір, Қабанбай батырдың шын есімін иеленген ұл осы әулеттің шырағын сөндірмесе деген игі тілек бар көңілдерде.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp