«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТҚА АДАЛДЫҚ

Кішкентай кезінен әскери киімдерге қызығып, сондай ойындарға құмартып өскен Еділ жеті-сегіз жасында: “Мама, мен өскенде елімді қорғайтын жауынгер боламын”, – дейтін. Сол балалық арманы оған күш-жігер, оқуға деген ынта-ықылас берді. Ол үнемі әскери өмір жайында кітаптар оқып, рухани байлықтың мөлдір бұлағынан сусындап ержетті. Мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы жоғары әскери оқу орнына түсті. Ұлымның ер-азамат болып, оның бойындағы елін, жерін, көк туын қорғауға деген патриоттық сезімін көргенде ана жүрегім қатты толқыды. Ақ батамды беріп, оқуға шығарып салдым. Жылжып айлар, жылдар өтті. Осы аралықта Еділ есейіп, оның өмірге деген көзқарасы да өзгере бастады. Тек бір нәрсе ғана өзгеріссіз қалды. Ол – ұлымның елге қызмет етемін деген адал ақ ниеті.

Оқуын ойдағыдай аяқтаған соң Еділ Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ол Алматыдағы Отар деген жерге түсті. Қандай ана болсын баласының аман жүргенін тілейді. Мен де ұлымның отбасымызға оралып, жолдастарының қатарына қосылуын іштей қалаумен болдым. Ол менен қанша алыста болса да, ана мен бала арасындағы тылсым сезім бірімізді-бірімізден ажыратқан емес. Арада сағынышқа толы күндер өтіп жатты. Балам әнеміне келіп қалады деп күн санап жүргенде бейуақытта жеткен жайсыз хабар жүрегімді пышақпен тіліп жібергендей болды.

1994 жылы 1 желтоқсанда ұлымның қаза болғанын естідік. Кейін білдік, ол Тәжікстанда басталған азамат соғысына аттанған қазақстандық сарбаздар арасында болыпты. Құлыншағым кезекті ұрыс кезінде басынан жарақат алып, сол жерде көз жұмған. Арада бірнеше күн өткеннен кейін жансыз денесі үйге әкелінді. Ана жүрегі тағдырдың мұндай сынағына қайдан шыдасын?! Кеше ғана көз алдымда құлыншақтай шапқылап ержеткен тұла бойы тұңғышымды ажал құшағына қимадым. Іштегі зар-мұңым ыстық жас болып көзімнен парлап аға берді, аға берді…

Түнде ұйқы, күндіз күлкіден айрылдым. Тұрсам да, отырсам да көз алдымнан күлімдеп тұрған ұлымның бейнесі кетпей қойды. Әлі есімде, жерлеу рәсіміне келген әскери адамдар зар еңіреп отырған мені құшақтап: “Жыламаңыз, ана, сіздің ұлыңыз батыр, ол елі үшін туған ер екен”, – деп басу сөздер айтты. Олардың айтқан сол бір ауыз сөздері менің жаныма дәру болып, қайғыдан қарс айрылған жүрегіме жылы шуақ болып шашылды. Сәл сәтте мен баламның менің емес, елімнің ұлы екенін түсіндім.

Болашағынан зор үміт күтіп, аялап өсіріп отырған жан ботамның қайғысы әкесіне де ауыр тиді. Ол көп ұзамай бақилық болды. Қанша жыласаң да, өлген адам қайтып оралмайды. Осыны түсініп, сабырға келіп, өз-өзіме күш-жігер беріп, Алланың ақ жолына түсіп, намазға жығылғалы да біраз жылдың жүзі өтті. Биыл Еділім аман жүргенде 44 жасқа келер еді. Әттең, оның үйге аман-есен оралып, үйлі-баранды болғанын көруді тағдыр біздің маңдайға жазбаған екен. Арада жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, ұлымның оқуға шығарып салғанда қуаныштан бал-бұл жанған жүзін ұмыта алар емеспін.

Еділімді елі де естен шығарған жоқ. Артынан жақсы сөз, ұмытылмас естелік қалды. 2015 жылы марқұм ұлым тәжік-ауған шекарасында әскери қимылдарға қатысқаны үшін медальмен марапатталды. Бүгінгі таңда мені батырдың анасы ретінде патриоттық тақырыптарда өтетін шараларға жиі шақырады. Біздің облыста ғана емес, басқа өңірлерге де шығып, жастармен кездесіп, тағылымы мол әңгімемді айтып, ұлымның ерлігін паш етуді аналық парызым санаймын.

Еділден қапылыста айрылып қалған соң жүрегім мұңға бөленді. Тұңғышымның жоқтығын сезінбеу үшін онымен соғыста бірге болып, аман-есен елге оралған достарына барып, қал-жағдайларын сұрап, хабарласып тұрамын. Мұрат, Айтуар, Шүкіржан есімді азаматтар қайда жүрсем де мені өз аналарындай күтіп алып, құрмет көрсетеді. Мұның барлығы қазақы тәрбиеден, ұлымның аруағына деген ризашылықтан бастау алады.

Тәжікстанда, Атырауда тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста жер жастанған жауынгерлерге арналған ескерткіштер орнатылды. Салтанатты шараларға шақырту бойынша барып, жауынгерлерді құрмет тұтқан азаматтарға аналық алғысымды жеткіздім. Тұтқиылдан тап берген қарулы топпен қақтығыста қаза тапқан жауынгерлердің жанкешті ерлігіне тағзым еттім. Жер жастанған жүздеген өрімдей батыр жігіттердің аты тасқа қашалып жазылған тізімнің арасынан баламның есімін оқыған сәтте қатты толқыдым. Бір жағынан жүректегі жара қайта сыздап, оның балалық шағы, әскерге кетердегі айтқан сөздері, барлығы қайта еске оралып, бауыр етім езілгендей болды. Ал екінші жағынан ұлымның аты ардақталғанына, оның ел жадында мәңгілік қалатынына көзім жетіп, шүкіршілік еттім. Бүгінде Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Астана қалаларында да бұл игі бастама қолға алынды. Алдағы уақытта Қызылжар қаласында да ескерткіш тақта орнатылар деп үміттенемін. Өздеріне берілген тапсырманы орындау үшін бекіністі бермей, ұрыс даласында батырлық танытқан қазақстандық сарбаздардың ерлігін ұлықтау өскелең ұрпақ еншісінде.

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Бейбітшілік бесігінде тербелген егемен еліміздің бағындырған белестері аз емес. Бірақ алар асулар алда екеніне сенімдімін. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында халқымыздың тұрмысы жақсарып, ел экономикасы қарышты қадаммен дамып келеді. Қай салада болсын ілгері басушылық байқалады.

Біз Мәңгілік ел болуға ұмтылған халықпыз. Олай болса, тыныштық күзетінде тұрған жауынгер сарбаздардың ерлігін де ескермеуге болмайды. Олар бейбіт күнде бастарын қатерге тігіп, қажет болса, Отан үшін жандарын қиюға дайын тұратын асыл азаматтар. Менің ұлым да антына адалдық танытып, өскелең ұрпаққа патриоттық сезімнің шынайы көрінісін көрсетті. Олай болса, жастар осындай сарбаздардан үлгі-өнеге алса, құба-құп.

Меруерт МӘДЕНОВА,

тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға

қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігі ардагерлер одағының мүшесі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp