«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТ ҚАБЫЛДАДЫ, АТАҚ АЛДЫ

Қаланың орталық алаңында облыс полициясы саптық байқау өткізді. Онда жас полиция қызметкерлері ант қабылдады және өздерінің алғашқы офицерлік атақтарын алды.

Саптық байқау барысында құрамалар басшылары Петропавл гарнизоны қызметкерлерінің қысқы жағдайдағы жұмысқа дайындығын тексереді. Бұл шараға полиция қызметкерлері толық жарағымен және тиісті құжаттарымен қатысуы тиіс. Олар осындай қалыпта күнделікті әскери қызметтерін атқаруы керек.

Салтанатты сап алдында алты жас қызметкер ант қабылдады. Солардың бірі – Жүсіпбек Сүлейменов құқық қорғау органында қызмет етуді көптен арман еткен. Ол өз қызметін осыдан алты ай бұрын патрульдік жол полициясынан бастады, енді, міне, көздеген мақсатына жетіп ант беріп отыр. Сөйтіп, алты жас қызметкер өздерінің тұңғыш офицерлік атағы – полиция лейтенантының погондарын алды.

– Бүгін біздің қатарымызды толықтырған жастардың аға ұрпақтың дәстүрін жалғастырып, өз міндеттерін адал атқаратынына және қызметтегі сынақтан сүрінбей өтеріне сенімдімін. Полициядағы қызмет – өте ауыр еңбек, ол үлкен төзімділікті талап етеді, жаңа ант қабылдаған жастарымыз өздеріне жүктелген азаматтық борышты жақсы түсінеді, – деді жеке құрамды осынау салтанатты шарамен құттықтаған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов.

Саптық байқауда болған 600 полиция қызметкерінен тұратын 150-ден астам патрульдік нарядтар күн сайын облыстағы қоғамдық тәртіпті күзетуге шығады. Жыл басынан өңір полицейлері 4 мыңнан астам қылмысты ашып, 100 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Динара САҒЫНДЫҚОВА,

облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp