«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Қорғаныс министрлігіне қарасты Петропавлдағы әскери-техникалық мектеп филиалының шақырылушылары Жеңіс саябағында көпшілік алдында әкери ант қабылдады.

  Бұл шара жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында өткізілді. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысынан келіп, әскери өнердің қыр-сырын меңгерген шақырылушылар санаулы күндерден кейін қызметке жолдама алады. Жастардың бүгінде әскери қызметке деген қызығушылығы артқаны қуантады. Өйткені әскери қызметте тұрақтылық бар, әрі әскери қызметшілер әлеуметтік жағынан жан-жақты қамтылған. Болашақ өмірін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін Ғали Байбатшаев өз болашағына сенімді. Ал әскери ант ерлерді еліміз үшін кез-келген қауіпке төтеп беруге және оған қарсы тұруға міндеттейді.


«Әскери-техникалық мектеп өте қолайлы, бір жылдық әскерден ешқандай кемшілігі жоқ. Мұнда біздер саптық дайындықты үйрендік, атыс алаңына бардық, қару-жарақпен таныстық. Командирлер бәрін үйретті, барлық сұрақтарымызға жауап берді. Берілген тапсырмаларды нақты орындадық. Ант қабылдағаннан кейін Отан алдындағы қызметімізді адал өтейміз деген сенімдемін», – деді әскери-техникалық мектептің бөлімше командирі Ғали Байбатшаев.

Әскери-техникалық мектептің шақырылушылары кәдімгі әскердегідей дайындықтан өтеді. Болашақта қол бастайтын әрі әскери саланың тізгінін ұстайтын сардарлар да ертеңгі күндері осы жастардың арасынан шығуы әбден мүмкін.
“Шақырылушылар 40 күндік оқудың ішінде 1 жылдық материалды толығымен қамтыды. Әскери полигондарда болды, атыс және тактикалық дайындықтары бойынша әскери оқу-жаттығулар толық ұйымдастырылды. Бұл жолы Солтүстік Қазақстаннан 13 және Қостанай облысынан келген 22 адам, яғни, 35 шақырылушы болашаққа жолдама алды”, – деп әскери-техникалық мектептің директоры Қалиолла Сауытбеков мәліметтермен бөлісті.
Осымен биылдыққа бұл мектептен 6-шы рет түлектер түлеп ұшты. Ал қараша айының алғашқы аптасында 7-ші рет түлектерді шығарып салу жоспарланып отыр. 

Айман АБЖАПБАРОВА
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp