Шай – жер бетінде ең кең тараған сусындардың бірі. Бүгінде дүниежүзінде шайдың мың жарымнан астам түрі өндіріледі екен. Аталған сусынның жиі ішілетіні соншалықты, бүгінде бір де бір үйдің дастарқанын сүт қосылған қою шайсыз елестету мүмкін емес. Біз сөз етіп отырған сусын көптеген ұлттардың мәдениетіне өзгеріс әкеліп, тіпті, тарихи оқиғаларға себеп болды. Адам өмірінде елеулі өзгеріс жасайтын шешімдердің көбі шай үстінде қабылданатыны да рас. Өткенге көз жүгіртсек, кей елдерде шай салығын енгізген кезеңдер де болған. Әлем дамуының бағытын айқындап, жаңа замандағы ең ілгері ел атанған алып Американың тәуелсіздік алуына да әйгілі «Бостондағы шай ішу» оқиғасы алғышарт болғанын ұмытпаған жөн.
Бояу ішіп жүрміз бе?
Адамзат танымында шайға байланысты аңыз да, наным-сенім де көп. Түрлі жапырақтар салынған ыстық суды Құдайдың адамға берген сыйы деп ұғынатын халықтар да бар. Әу баста адамдар шайды емдік мақсатта пайдаланған. Түрлі шөптер суға салғанда ерекше қасиеті ашылып, адам ағзасына қуат береді деп сенген. Алайда шайдың ағзаға берер пайдасымен қатар зияны да бар. Жыл басында еліміздің бас санитар дәрігерінің 10 тауар маркасының өнімін сатуға шектеу қою туралы шешімі қоғам назарын аударды. Олардың қатарында «Апамның шайы Premium gold», «Al-Hayat Gold», «Балқия Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «Aje Onim», «Al-Jannat Premium» және «Alfarah» шайлары бар. Күн сайын буы бұрқыраған шәйнектен кесесіне ыстық шай құйып, онысын сүті мен қантын келістіре, маңдай тері шыпшып сораптап, иығынан ауыр жүк түскендей бір жасап қалатындардың көбі өздері ішіп жүрген өнімнің сапасына күмәнмен қарай бастағаны анық.
«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен Кеден одағының талаптарына сай келмейтін өнімдерді шекарадан өткізуге, сатылымға шығаруға шектеу қойылды. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы тергеулер барысында шай қаптамаларында шай өндірісі мен қапталуында расталмаған мекенжайлардың көрсетілгені анықталды, бұл қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарының жоқтығын көрсетеді. Аталмыш мәселеге байланысты әзірге біздің өңірде сауда орындарын тексеру жұмыстары басталған жоқ. Алдағы уақытта департамент мамандары дүкендерге бақылау жүргізетін болады», – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.
Департамент өкілі аталған шайлардың Кеден одағының «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптарына» сай емес екенін жеткізді. Құрамынан E110, E102, E124 қоспалары табылған. Тағамға күрең түс беретін Е110 бояғышын тұтыну нормасы адамның бір килограм салмағына шаққанда 4 миллиграмнан аспауы керек. Бұл бояғыштың нормадан көп болуы балалардың ойлау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Ал E102 қоспасы сұйықтыққа сары түс береді. Кей елдерде Е102 қосылған өнімдердің қаптамасына арнайы ескерту жазылады. Бұл бояғышты шай өндірісінде пайдалануға мүлде болмайды. Қызыл түс беретін Е124 бояғышының нормасы да Е110 сияқты 4 миллиграмнан аспауы тиіс. Күніне үш мезгіл шай ішпесе басы ауыратын ағайынның бір күнде бірнеше есе көп зиянды бояғыш тұтынып жүргенін елестете беріңіз. Бір қызығы, санитарлар тыйым салынған шайлардың қаптамасында бұл қоспалар туралы бір де бір сөз жазылмаған. Көп жерде өнімнің құрамы тек «түйіршіктелген қара шай» деп көрсетілген. Тұтынушының сеніміне кіру үшін «100 пайыз табиғи өнім», «адам ағзасына зиянды қоспалар жоқ» деп жазып қоятын өндірушілер де бар. «100 пайыз пәкістандық шай» деген өнімнің Пәкістанның нақты қай аймағындағы плантациядан жиналғаны туралы да ақпарат жоқтың қасы. Бояғыштардың арқасында суық суға салсаң да қызыл күрең болып шыға келетін шайдың қаптамасындағы «ыстық су құйып, бірнеше минут күтіңіз» деген кеңесті оқығанда күлкің келеді.
Қазақ даласына қашан келді?
Шайдың күнделікті өмірімізге дендеп еніп кеткені соншалық, жеті атамызға дейін шөлін ыстық сусынмен қандырған сияқты көрінеді. Бірақ көшпелі қазақтың түйіршік шай өсіріп, оны жаппай өндірмегені белгілі. Тарихшылар қазақтардың далада өсетін түрлі шөптерді жинап, қайнатқанын айтады. Алайда қара шай даламызға сырттан келген.
«Қазақ халқының өз дәстүрлі сусындары болды. Шамамен XVI ғасырға дейін шай ұлттық дастарқанымызға жиі қойылды деп айта алмаймыз. XVII-XVIII ғасырларға дейін бұл өнімді елімізге Жоңғария арқылы өтетін саудагерлер жеткізіп тұрды. Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін Қытай шайы келе бастады. Қытайлықтар мата, жібекпен қатар шайдың түрлі сорттарын алып келді. Отаршылдық кезеңде бұл өнім Ресейден жеткізіліп тұрды. Орыстың самаурыны да қолданысқа еніп, асымызды ыстық шайсыз елестете алмайтын болдық», – дейді Назарбаев зияткерлік мектебі тарих пәнінің мұғалімі Сарыхан Кәрімжанұлы.
Осылайша бірнеше ғасырдың ішінде қазақ халқының өзіндік шай ішу мәдениеті, оны қайнату дәстүрі пайда болды. Бір қызығы, сүт қосылған шайды қазақтармен қатар ағылшындар да көп ішеді екен. Бұрынғы заманда олар қымбат ыдыстарда қара шайдан дақ қалмау үшін сусынға сүт қосуды үйренген.
Зерттеушілердің пікіріне сенсек, қазақ әлем бойынша шайды ең көп тұтынатын 10 елдің қатарына кіреді. Шай ішкенді жақсы көргенімізбен еліміз шай өндірмейді. Бұл өнімді біз көбіне Үндістан, Кения елдерінен тасымалдаймыз.
Табиғи өнімді қалай табамыз?
Бүгінде дәмханалар мен кофеханалардан шайдың небір түрін кездестіруге болады. Қалада шай сатуға маманданған бірнеше арнайы дүкен бар. Алайда сонша өнімнің ішінен сапалысын таңдау оңай емес. Қаптамасына қызығып алғаныңыз отбасыңыз бен үйге келген қонақтардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Ал кей қоспалардың әсері бірден білінбегенмен, уақыт өте келе байқала бастайды. Сондықтан шай аларда мұқият болған жөн.
«Ең алдымен, түйіршіктердің иісіне мән беру керек. Мысалы, цитрус шайының иісі қаптаманы ашқанда бүкіл үйді алып кетуі мүмкін. Алайда қайнатқан кезде бұл иіс қатты сезілмейді. Дәмі де сіз ойлағандай қанық болмауы қалыпты. Бірақ бұл – нағыз табиғи шайдың басты белгісі. Ал егер шайдың иісі ыстық суға салғаннан кейін де бұрқырап тұрса, онда бұл хош иістендіргіштердің көп екенін көрсетеді», – дейді «Твоя чашка» шай дүкенінің негізін қалаушы Сергей Ражковский.
Білетіндер шайдың түсі оның сапасының көрсеткіші емес екенін айтады. Табиғи шай қап-қара болып шықпайды. Шай жапырақтарындағы арнайы пигмент қана шайға күрең түс береді.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».