Биылғы қыста қар әдеттегіден едәуір қалың түсті. Демек, көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша талай шаруа атқарылуы қажет. Осы мәселе облыс әкімі Ерік Сұлтановтың ерекше бақылауында.
Қазірдің өзінде өңіріміздің елді мекендерінен 1 млн. текше метр қар шығарылды. Бұл – қыс маусымы басталғалы атқарылған жұмыстың есебі. Қыс басталғалы коммуналдық сала қызметкерлерінің қолынан күрек түскен жоқ. Күні-түні үзіліссіз қар күреу жұмыстарына қоғамдық жұмысшылар жұмылдырылып, 9 кәсіпорынның 108 арнаулы техникасы тартылды.
Петропавл су қоймасының басында өткен шара барысында облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарма бастығы Нұрлан Бүркітәлин көктемгі су тасқынына дайындық барысы туралы баяндады.
– Синоптиктердің мәліметі бойынша, мұндай қар өңірімізде соңғы жылдары түспеген. Су басу қаупі бар жеке тұрғын үй секторлары ерекше бақылауға алынды. Облыс орталығының су басу қаупі жоғары Жұмысшы, Береке мен Ойқала шағынаудандарынан, Заречный кентінен 544 мың текше метрден астам қар шығарылды. Бүгінде бұл жұмыстар жалғастырылуда, – деді Нұрлан Бүркітәлин.
Қазір облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеуде. Елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құтқару бөлімшелерінің 2713 жеке құрамы мен 867 арнайы техникасы, 133 жүзу құралы, 200 мотопомпа, 656 жол-құрылыс техникасы әзір. Су тасқынының бетін қайтаруға қажетті 7,7 мың тонна – қиыршықтас, 4,8 мың тонна – құм, 9,5 мың тонна сазбалшық әзірленген.
Жауапты мамандардың айтуынша, су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру барысында қар көп түскен 4,7 мың тұрғыны бар 95 елді мекен назарға алынған. Сондай-ақ, өңіріміздегі ірі су қоймаларындағы ахуал да департамент мамандарының жіті бақылауында. Жауапты мамандар бүгінде облыс аумағында барлығы 26 гидротехникалық құрылыс нысанын, соның ішінде Петропавл және Сергеевка су қоймаларын назарда ұстауда. Бұл су қоймалары сәйкесінше, 87,8 және 93,9 пайызға толған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.