Петропавлда «Солтүстік үшін шайқас» деген атаумен аралас жекпе-жек түрінен өткен тұңғыш республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен 7 салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтылар жиналып, өзара күш сынасты. Байрақты бәсеке Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.
“Парк Сити” мәдени ойын-сауық орталығына сайдың тасындай іріктелген шеберлердің өнерін тамашалауға келген жанкүйерлер кештің құрметті қонақтары – Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Александр Винокуровты, “Рэкетир” фильмінде басты рөлді сомдаған әртіс Мұрат Бисембинді орындарынан тік тұрып, қошеметтеп қарсы алды.
Салтанатты рәсімде Қазақстан ММА федерациясының президенті Анатолий Ким құттықтау тілегін жеткізді. Облыстық аралас жекпе-жек федерациясының басшысы Әділ Махат өз сөзінде ақтық сынға шығу үшін 52 спортшы тартысқа түсетінін, ал 65 және 70 кг. салмақ дәрежесінде екі кәсіби жекпе-жек ұйымдастырылатынын, оған 300 мың теңге жүлде қоры тігілгенін атап өтті.
Жарыс шымылдығын бірінші болып «Боец» күзет агенттігінің өкілі (Петропавл қ.) Манарбек Болат пен Александр Кожушкин (Щучинск қ.) ашты. Петропавлдық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. 93 кг. салмақта Петр Кузин (СҚО) жерлесінің арқасын жер иіскетті. Кәсіби жекпе-жек түрлерінен қостанайлықтар жеңісті қанжығаға байлады.
Қорытынды есепте алаң иелері жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды ақмолалықтар мен астаналықтар бөлісті. Жеңімпаздарға жүлделерді Олимпиада чемпиондары табыстады.
– Аралас жекпе-жектің келешегі зор. Енді қыркүйек айында Ақтөбеде ел кубогы сарапқа салынады. Оның нәтижесі бойынша Прага қаласында ұйымдастырылатын әлем біріншілігіне ұлттық құрама жасақталады, – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Анатолий Ким.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.