«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРАЛАС НЕКЕ, АДАСҚАН ҰЛ-ҚЫЗ…

“ – Ұлтың кім, қызым?

– Әкем орыс, шешем қазақ. Кім екенімді өзім де білмеймін”.

… Қария не айтарын білмегендей, үнсіз қалды. Қоғамдық көлік ішіндегі қысқа ғана осы әңгіме ойымнан кетпей қойды.

Бақсам, аралас некеден туып, үйірінен адасып жүргендер аз емес екен. Біздің подъездің өзінде ғана осындай үш отбасы тұратын болып шықты. Отағасылары қазақ ұлтынан болса, екеуінің әйелі орыс, біреуінікі неміс. Онда тұрған не бар дейтіндер де табылатын шығар. Дегенмен, ойланып көрелікші. Олардан туған бала қандай тәрбие алады, кім болып шығады? Қазақы тәрбие алған әкесі туған тілінен жеріген біреу болғанның өзінде, бойында ұлтының қаны тасып тұрғанда, сәбиіне ықпал етпей қоймасы анық. Сол сияқты, орыс немесе неміс әйелі қазақ бола алмайды. Осылай жүректері ұғысқанымен, ділі бөлек екі ұлттың өкілі шала қазақты тәрбиелейді.

Ендігі жерде дүбара ұл мен қыз қайдан шығады деп таңғалудың қисыны жоқ. Бұл бер жағы ғана. Ал мәселеге тереңірек бойлар болсақ, мұның өзі ұлттың болашағына балта шапқанмен бірдей. Осылай жалғаса беретін болса, күндердің күнінде таза қазақты күндіз қолыңызға шам алып іздесеңіз де, таппай қалуыңыз бек мүмкін. Өйткені, аралас некенің тарихы қатпар-қатпар, тереңде жатыр. Сонау XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде қыздарымыз жаудың босағасында қалса, ұлдарымыз бөтен елдің аруларын олжалап, көңілдерін жұбатып жатты. Басқалармен мидай араласпасақ та, біраз жерге барып қалғанымыз анық.

Келмеске кеткен кеңес заманында да “ұлттар достығы” деген желеумен аралас неке біразымызға дерт болып жабысты. 1940 жылы Кеңес Одағы өзінің құрамында өмір сүріп жатқан 130 ұлтқа зерттеу жүргізіптіміс. Орыстармен үйленген басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағын таразы басына тартқан кезде, бірінші орынға Латвия шықса, екінші орында Қазақстан болған.

Әсіресе, тың игеру кезінде елімізде аралас неке саны күрт өскен екен. 1940 жылдары бұл көрсеткіш 15 пайыздың шамасында болса, елуінші жылдардың соңында 23 пайызға жеткен. Ал 1979 жылы әрбір бесінші неке аралас болыпты.

Тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Тұрмыстағы қызы қайтыс болған көрші апайдың үйімізге ашуға булығып, жылап келгені әлі есімде. Бауыр еті баласынан айрылған кейуана қайғы жамылып отырғанда, индуизм дініндегі күйеу жігіт марқұмды өз дінінің салты бойынша жерлеймін деп әлек салған. Күйеу жағы өздеріне тартатыны рас, бірақ “бауыр етін” мұсылманша жерге бермеуге әке-шешесі қалай шыдамақ?! Әйтеуір қазақтың қызы шариғат жолымен жер қойнауына тапсырылады. Аралас некелер көбейіп, қыздарымыздың шетел асып, батыстық жігіттерге тұрмысқа шыққанын естіген сайын, көз алдыма күрсіністен көкірегі қарс айрылған ана бейнесі оралады.

Өзге елдің азаматының етегінен ұстап, сол ұлттың демографиялық ахуалының жақсаруына үлес қосып жатқан аруларымыз қаншама?! Ғаламтордағы бейресми деректерге сенсек, бір жылдың өзінде ғана 8 мың қазақ қызы шетелдіктерге күйеуге шығады екен. Өзге мемлекеттен елімізге жұмыс іздеп келгендердің құшағына қалыңсыз-ақ еніп жатқан қыздарымыздың санын біле де алмаспыз. Құрылыста жүрген өзбектер мен қытайлықтардан туып жатқан “жиендер” мен түрік жігіттеріне тұрмысқа шығуға құштар қыз-келіншектердің қазақтың қамын ойлап, ұлттың болашағына ұйытқы болатынына күмәнім бар. Бұған да “демократиялық қоғамда не істесең де еріктісің” деп, көз жұма қараймыз ба?!

Еліміз тәуелсіздік алған соң қан тазалығы тұрақталуы қажет еді, күткеніміз әлі орындалған жоқ. Бұлтартпас статистика жыл сайын дүниеге келетін кішкентай қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы аралас некеден туатынын көрсетіп отыр. Ал облыстағы ахуалға келер болсақ, өңірімізде 2013 жылы дүние есігін ашқан 8606 баланың 2 мыңнан астамы интернационалды отбасында дүниеге келген екен. Өткен жылы да сонша баланың тегі, нәсілі ата-анасының қалауымен белгіленді. Олардың тілі мен діні қандай боларын болжамай-ақ қоялық.

Түрі бөлек, тілі бөлек көрші балаларды көрген сайын “Оларды қандастарымыздың қатарына жатқызамыз ба?” деген ой маза бермейді. Құдайдың қарауында болсын деп, балаларының мойындарына крест тағып, діни мерекелерді қаза қылмайтын мұндай отбасыларды толыққанды деуге келе ме?! Сананы сансыратқан бұл сауалдардың жауабын әлеуметтік педагог пен психологтерден сұраған едік.

Әйгерім Ақбергенова, әлеуметтік педагог: “Бүгінде өзге ұлт өкілімен жұптасқысы келген жастарға кейде ата-анасының өзі тосқауыл қойып, кедергі бола алмай жататын жайттар өмірде көптеп кездеседі. “Қазақтар некелесу барысында неге өзгені таңдауға бейім тұрады?” дегенге келсек, оның ең негізгі себебі отбасында алған тәрбие өзегінде жатыр. Бала қазақы тәрбие алып, өз ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік меңгеріп, төл әдебиетімен кішкентай кезінен сусындап өссе, ол “басқа құндылықтарды” өзге ұлттан іздемейді. Және бұған ата-аналар ғана кінәлі емес, халықтық тәрбие мен ұлттық құндылықтар мәселесіне мектепте де, жоғары оқу орнында да, тіпті, керек десеңіз, мемлекеттік деңгейде дұрыс көңіл бөлінбеудің салдары. Аралас некедегі жұбайлар өмірін қоғамдағы толыққанды отбасылар қатарына жатқызу қиын. Оған негіз болатын себептер: салт-дәстүрлердің әртүрлілігі, тәрбие мен көз-қарас қайшылықтары, қандай істе де олардың өзіндік ұстанымдарының бір арнаға тоғыспайтындығы”.

Әлия Әсембаева, “Жаңа бағыт” психологиялық кеңес орталығының отбасылық психологі: “Екі ұлттың өкілінен құралған отбасыларда орын алатын ең басты проблемалық мәселе – психологиялық қарама-қайшылықтар. Албырт шақта сезімнің жетегінде сөз байласқан жастарға бәрі ойдағыдай болып көрінгенімен, уақыт өте келе қайшылықтар қылаң береді. Өйткені, әр ұлттың тілі мен ділін айтпағанның өзінде, олардың ділі мен психологиялық ерекшеліктері екі түрлі. Меніңше, қандай жағдай болсын, әр халықтың тегінде сақталған табиғи үдерістер түптің түбінде жарыққа шығады. Сол себепті ажырасу санының көбеюіне де аралас неке ықпал етіп отыр”.

P.S. Олай болса, “ұлт достығын” қадірлейтін халқымыздың бір сәт ұрпақ тазалығын да ойлағаны жөн болар еді. Әйтпесе, қазағымыздың ұлттық бейнесі сақталғанымен, ұлттық болмысы жойылып кете ме деген күдік бар.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp