
10 мамыр күні жолаушыларды тиеп алған шағын лайнер күміс бауыры күнге шағылысып, аспанға қайқаң етіп көтерілгенде жергілікті сағат тілі 17.40-ті көрсетіп тұрған еді. Беталысымыз – Индонезия республикасы. Ұшақ төрт мың шақырымға жуық арақашықтықты ұшып өтіп, жолай Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Әбу-Дабиге қонды. Мұнда бес сағаттай аялдап, Индонезия астанасы – Джакартаға баратын ұшақты тосуға тура келді. Алып аэробус соңғы аялдамаға дейін сегіз сағаттай “қанат қағып”, зеңгір аспанның 6500 шақырымын көктей өтті. Бұрын сырттай естігеніміз, атлас картадан тамашалағанымыз болмаса, Оңтүстік-Шығыс Азия кіндігінде орналасқан беймәлім мемлекетке аяғымыз алғаш тигендіктен, бейнебір ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кештік.
Озық ондыққа ұмтылған ел
11 мамыр. сағат 15.00 Әбу-Дабиге қарағанда Джакартаның әуе-жайы қораштау көрінгенімен, көзге алдымен шалынғаны – аспанмен таласа бой түзеген, ұшар басы ақша бұлттарға барып тірелетіндей көрінетін зәулім үйлер мен қызметтік офистердің өте көптігі. Бесжұлдызды “Аraduta Jakarta” қонақ- үйіне жеткенше олардың қатары бірде-бір селдіреген жоқ. Екінші бір байқағанымыз – көліктердің соншама молдығынан әрі көшелердің тарлығынан кептелістің жиі орын алатыны. Білетіндердің айтуынша, “екіаяқты” көліктердің өзі 9 миллионға жетіп жығылатын көрінеді. Тізе бүгуге екі сағаттан астам жүріп келуіміз жол жүру машақаты жеңілдеудің орнына түйінді проблемаға айналып бара жатқанын аңғартса керек.
17508 аралдан тұратын Малай архипелагында қоныс тепкен Индонезия мемлекеті Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде қай жағынан болсын көш бастап келеді. Бүгінде халқының саны шамамен 250 миллионды құрап, әлемде төртінші орын алып отыр. Үлкенді-кішілі аралдарда тіршілік ететін 300-ден астам этностың ішінде явалықтар ерекше басымдыққа ие (45-47 пайыз). Сондай-ақ, сундылар, мадурлықтар, малайлықтар, қытайлықтар, индустар және басқалар тұрып жатыр. Тұрғындардың 85 пайыздайы Ислам дінін ұстанады, дені – сунниттер. 9 пайызы христиан, 2 пайыздайы индуизм діндеріне бой ұрған. Буддизм, анимизм, конфуцианизмге табынушылар да жоқ емес.
Оңтүстік-Шығыс Азияда Истикляль мешітіне тең келетін ғибадатхана жоқ. Ішіне 100-120 мың адам сияды екен. Намазға жығылмасақ та тәу еттік.
Адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы бізбен деңгейлес секілді: ер-азаматтар – 68,5 жас, әйелдер – 73,7 жас. Құрғақтағы аумағы 1,9 миллион шаршы шақырымды қамтып, төрткүл дүниеде 15-ші орынды иеленсе, 7,9 миллион шақырымға созылып жатқан теңіз акваториясы экономикалық жағынан тез дамып келе жатқан елдің басты бір ерекшелігі тәрізді. 5 ірі және 30 кішігірім арал топтары кіретін Малай дүние-жүзінің ең үлкен архипелагы болып саналады. Ол Үнді мен Тынық мұхиттарының түйіскен жерінде орналасқан және Азия мен Австралия континенттерін жалғастырушы көпір іспеттес. Индонезия аралдарының көпшілігі таулы-орманды келетіндіктен, сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Мұнда жер сілкіністері жиі болып тұрады. Халыққа зор қатер төндіретін, айтып келмейтін апаттар Ява, Суматра аралдарында жиі тіркеледі. Жұртшылық 1963 жылы Агунг жанартауының атқылап, бес мыңнан астам адамды мерт еткенін, үлкен материалдық шығынға ұшыратқанын әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады. Ел экономикасы тайфун, цунамидан да қатты зардап шегетін көрінеді.
Ел 32 провинцияға және 2 ерекше әкімшілік округке – Джакарта және Джокьякарта қалаларына бөлінеді. Оларды губернаторлар басқарады. Үш провинция әлі күнге дейін шариғат ілімімен тіршілік етіп жатқан жайы бар. Бір атап өтерлігі, тұрғындар аралдарды, негізінен, ұлты және діни сенімі бойынша мекендейді. Мәселен, Бали аралындағы 5 миллиондай тұрғындардың басым бөлігі – индустар. Ең үлкен аралдар – Калимантан және Суматра. Ява аралында орын тепкен Индонезия астанасында 18 миллионға жуық тұрғын бар.
Елдің ресми тілі индонезиялық болғанымен, ағылшын тілі кеңінен қолданылады.
Ява – тұрғыны ең көп арал, ал Бали аралы туристер жиі баратын аймақ әрі Индонезия көне мәдениетінің ірі орталығы болып есептеледі. Климаты – тропиктік, муссондық. Жазы жауын-шашынды, қысы құрғақ. Мұнда Ява аралындағыдай ығалды ыстық леп сезіле бермейді. Күн райының бұл ерекшелігін жан-жағы мұхиттармен, теңіздермен шектесіп жатқандықтан, ылғалдың мөлшерден тыс көп түсуімен байланыстырған орынды. Сол себепті болар, ғимараттар мен қоғамдық көліктердің іші желдеткіштермен мұқият жабдықталған. Онсыз, оларды қайдам, сырттан келгендер үшін жүріп-тұру мүмкін емес сияқты.
“Индонезия” атауы “Индия” топонимі мен гректің “несос” – арал деген сөзінің қосындысынан шыққан екен. “Аралдардағы Үнді елі” деген мағына береді. Соған орай даму тарихы да көне дәуірден бастау алады. Елдегі алғашқы мемлекеттік құрылымдар біздің заманымыздағы ІІ-V ғасырлар аралығында теңіз жағалауы аудандарында пайда болған. VІІ ғасырдың ортасында Шривиджия деген атпен Суматриялық империя орнаған. VІІІ ғасырдың бірінші жартысында Ява аралының орталығында шиваист әулеті басқарған Матарам мемлекеті құрылған. ХІ ғасырдан бастап Ява аралы Индонезияның экономикалық, мәдени және саяси орталығына айналған. ХІV ғасырда Ислам дінінің енуі күшейе түскен. Суматра аралындағы мұнай қорлары ағылшындарды, голландықтарды қатты қызықтырған. Оның ақыры Ұлы Шығыс Азия үшін кескілескен шайқастар мен соғыстарға, отарлауға жалғасқан. Ал 1945 жылы 17 тамызда Индонезия мемлекетінің тәуелсіздігі жарияланған. Содан бері бұл күн ұлттық мереке ретінде аталып келеді. Елдің бірінші президенті Сукарно 1950 жылы Индонезияны біртұтас мемлекет деп жариялаған.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты сауда айналымының арта түскенін байқауға болады. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 57,2 миллион АҚШ долларын құраса, былтыр 200 миллион АҚШ долларына жеткен. Біздің елден, негізінен, темір және одан жасалған бұйымдар, құрал-жабдықтар, әртүрлі аспаптар, химиялық өнімдер экспортталса, Қазақстанға мал мен өсімдік өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары, машиналар, көлік құралдары, тоқыма бұйымдары, аяқкиім жеткізіледі. Мұнда пальма майы, банан, кокос, каучук үлкен сұранысқа ие. Туризм, таукен, күріш өндірісі жақсы дамыған. Ал, қой, сиыр еттері мен сүт өнімдерін өндірмейтіндіктен, олар Австралия мен Жаңа Зеландиядан әкелінеді. 2030 жылға таман әлемдегі аса дамыған мемлекеттердің “ондығына” кіруді жоспарлағанына қарағанда, игерілмей жатқан әлеуеті зор ма деп қалдық. Ал, демократиялық үрдістердің дамуы жағынан алға Үндістан мен АҚШ-ты ғана шығарады.
Алайда, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Қазақстанмен салыстырғанда көп төмен болып шықты. Байлар мен сіңірі шыққан кедейлердің арасалмағы жыл өткен сайын алшақтап барады, дейді білетіндер. Экстремистік лаң, ұлттық, діни қақтығыс едәуір саябырсығанымен, ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты ауыздықтау күшке түсіп отырған сыңайлы. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жалғыз әйел губернатордың жемқорлыққа батқан қылығын жарыса жазған. Қазір ол бикеш темір торға тоғытылған.
Біз барған сәтте қызу саяси талас-тартысқа кез болдық. Сөйтсек, шілдеде өтетін президенттік сайлау қарсаңындағы доданың нағыз қызған шағы екен. Парламенттік сайлауға 12 саяси партия мен Ачех провинциясындағы 3 жергілікті саяси ұйым түскен. Бұлар Индонезияның Халық Өкілдері Кеңесіндегі (төменгі палата) 560 орынға, Өңірлік Өкілдер Кеңесіндегі (жоғары палата) 132 орынға, провинциялық деңгейдегі Өкілдер Палатасындағы 2137 орынға, регенттік (аудандық) деңгейдегі Өкілдер Палатасындағы 17560 орынға таласуда. Бір қызығы, қазіргі таңдағы басқарушы Демократиялық партия бар-жоғы 10 пайыз дауыс жинаған. Оның басты себебі ретінде соңғы жылдары партия мүшелерінің бірқатар сыбайлас жемқорлық фактілеріне байланысты істі болғанын көлденең тартады. Сарапшылардың болжамынша, Джакарта қаласының губернаторы президенттіктен бірден-бір үміткер болып отыр.
Қазақ өнерінің құдіреті
Сапарымыздың басты мақсаты саяхатшы ретінде ел-жер көру емес, осы елдегі Қазақстанның Мәдениет күндеріне қатысу еді. Бұқараны қамту ауқымдылығымен, ұлттық мәнерімен ерекшеленген шара Елбасымыздың бастамасымен, Мәдениет министрлігінің қолдауымен, “Қазақ әуендері” АҚ-ның ұйымдастыруымен қолға алынып, өзіміз тәжірибе жинарлық, өзгелер үлгі-тағылым аларлық тәлімді де мәнді басқосу алаңқайына айналды.
Бірнеше күнге созылған мәдени шаралардың ашылу рәсімі “Джакарта – ХХІ ғасыр” кинотеатрында белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевтің Елбасымыз туралы кино-эпопеясын көрсетуден басталды. Тұңғыш Президентіміздің өнегелі өмірін арқау еткен кинолента индонезиялық көрермендердің зор қызығушылығын тудырды. Біз тілдескен көрермендердің қайсысы болсын Қазақстан жайлы үлкен әсер алғандарын таласа-тармаса айтып жатты. Солардың бірі – студент Деди жүрекжарды лебізін былай бөлісті:
– Шыны керек, қазақстандық кинематографистерден мұндай жоғары дәрежелі көрсетілім күтпеген едім. Өте сәтті шыққан. Фильмнің жастарға беретін патриоттық, тәрбиелік өнегесі мол. Елдеріңіздің сұлу табиғатына, қазақ халқының тамаша салт-дәстүрлеріне, кеңпейілділігі мен қайырымдылығына керемет тәнті болдым. Президенттеріңізді қадірлей, бағалай білетін халық екенсіздер. Фильмнен кейін көкейімде Қазақстанды өз көзіммен көрсем деген құлшыныс оянды.
Ауқымды шара басталар алдында Индонезияның Мәдениет және білім министрі, профессор Мухаммад Нух пен Қазақстан Мәдениет министрінің орынбасары Асқар Бөрібаевтың кездесуі болды. М. Нух ел өмірінде алғаш рет ұйымдастырылған мәдени басқосуға индонезиялықтар зор қолдау көрсеткенін атап айтып, алда да мәдени, ғылыми байланыстардың тереңдей беретініне сенім білдірді. Біздің вице-министр жылышырайлы қабылдауға алғысын білдіріп, елімізде атқарылып жатқан игі істер жайлы хабардар етті.
1500 орындық концерт залы келушілерге лық толды. Сахнаға екі елдің Мәдениет вицеминистрлері А. Бөрібаев пен профессор Виенду Нуриянти көтеріліп, Индонезиядағы Қазақстанның Мәдениет күндерінің ашылуын жариялауы сол екен, зал ішін ду шапалақ үні кернеп кетті. Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны орындалғанда жиналғандар орындарынан тұрып, ерекше құрмет көрсетті. Ал Индонезия Әнұранын үлкен де, кіші де шын жүрекпен, жасампаздық толғаныспен шырқап, ұлттық рухтың, мұқалмас ерік-жігердің отбасы, ошақ басынан басталатынын ұқтырғандай болды.
Сахна шымылдығы ашылғанда зал іші сілтідей тына қалды. Н.Тілендиев атындағы “Отырар сазы” оркестрі Дінзухра Тілендиеваның дирижерлік етуімен Түркештің “Көңіл ашарын” ойнай бастағанда-ақ жиналған қауым ду ете қалды. Күй аяқталғанда қол соғу көпке дейін толастамады. “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің тал шыбықтай мың бұралған билеріне де шын пейілдерімен риза болысты. “Жетігеншілер” квартеті ұлттық аспапта шебер ойнауларымен де, қазақ халық әндерінен попурри құрауларымен де жарқырай көзге түсті. Өнер майталмандары Ескендір Хасанғалиевтің, Нұржамал Үсенбаеваның, Алтынай Жорабаеваның, Медет Шотабаевтың, Біржан Хасанғалиевтің, “Белес” этнофольклорлық квартетінің әуелеткен әндерін жан жүректерімен тыңдады. Әсіресе, Алтынай қарындасымыз “Жали-жали”, Біржан ініміз “Унтук буми кита” әндерін тамылжыта шырқап, залды аяғынан тік тұрғызды.
Бір жарым сағатқа созылған, бас-аяғы жұп-жұмыр концерттік бағдарлама да тамамдалды. Алайда, фойеге жиналған жұртшылықтың тарағысы жоқ. Джакарта тұрғындарының бірін қара домбыраның күмбірлеген үні қызықтырса, екіншісі Ықыластың “Жезкиігін” бебеулеткен қобызшы қыз Балжан Жүнісовадан қолтаңба алғанша асық…
Индонезияның Мәдениет және білім министрлігі қазақстандық қонақтар үшін қонақасы беріп, жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Орталық мұражайда ұйымдастырылған шара да ұмытылмастай есте қалды.
* * *
Елге ораларда туған жердің бір жұтым ауасын жұтқанша асықтық. Жиренше шешеннің: “Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім”, дегеніндей, шетте жүргенде ел-жұрттың, Отанның қадір-қасиеті ерекше сезіледі екен.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл-Астана-Алматы-Әбу-Даби-Джакарта- Петропавл.
Суретті түсірген автор.