Алаяқтардың ойлап таппайтыны жоқ. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Дружба ауылының бірнеше тұрғыны Қытай елінде шығарылған арзан әрі сапасыз биореттегіш құралын 19 мың теңгеге сатып алып, алданып қала жаздады.
Оқиға былай өрбіген. Қостанай облысының 28 және 29 жастағы тұрғындары осы ауылды аралап, зейнеткерлерді аудан орталығында жаңа дәріхана нысаны ашылады деп сендірген. Осыған орай 19 мың теңге қосымша құн салығын төлесе құны 70 мың теңге тұратын биореттегіш аппаратын тегін беретіндерін айтады. Бірнеше зейнеткер олардың өтірігіне шынымен иланып, қолдарына сұраған қаржыларын ұстатады. Абырой болғанда учаскелік полицей Сәбит Ашетов дер кезінде іске араласыпты. Ауыл ішінде бейтаныс адамдардың жүргенін көріп, олардың құжаттарын, көліктерін және заттарын тексеру барысында арам пиғылдары әшкере болды.
Бүгінгі күні зейнеткерлердің қаржысы қайтарылып, күдіктілердің үстінен алдап немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.