«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРАҚТАН БАС ТАРТҚАН АУЫЛДАРДА ҚЫЛМЫС САП ТЫЙЫЛҒАН

Облысымызда «ащы судан» түбегейлі бас тартқан елді мекен­дер қатары артып ке­леді. Мұндай ауыл­дардағы дүкендерде ішімдік атаулы сатыл­майды. Той-томалақ­та дастарқанға арақ-шарап қойылмайды. Жалпы біздің өңірде арақтан бас тартқан жиырмаға жуық ауыл бар. Солардың бірқа­тарына жеке-жеке тоқталуды жөн көрдік.

Айтуар

Ішімдіктің зардабы ұшан-теңіз. Ең ауыр деген қылмыстардың дені арақты шамадан көп ішкен адамдардың қолы­мен жасалатыны жалған емес. Мас кезде адам өз-өзін тежей алмай, қиын жағдайға тап болатыны анық. Осыны жете түсін­ген Жамбыл ауданындағы Айтуар елді мекені тұрғындарының дүкендерде ішімдік сатпай, одан аулақ болу жайындағы бастамасы құптауға тұрарлық. Бұл іс – саналы түрде қабылданған салмақты қа­дам. Аталған елді мекен – Жамбыл ауда­нындағы ішімдіктен бас тартқан алғаш­қы ауыл.

Елді мекенде барлығы 25 отбасы тұ­рып жатыр. Сонымен қатар мұнда бала­ларға сапалы білім беретін тоғыз жылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Ешбір тұрғын жұмыссыз қаламын деп алаңдамайды. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жергілікті шаруа қожалықтарында еңбек етуде. Тентек суға тосқауыл қойғалы бері ауылда қылмыс сап тыйылған. Той, ме­рекелік жиындарда дастарқанға ішімдік қойылмайды.

Ауылдың учаскелік инспекторы Бек­зат Қайсаев соңғы үш жылда мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмегенін айрықша атап өтті.

«Біз әр жыл сайын тіркелген қылмыс­тарға есеп жүргіземіз. Айтуарда соңғы жылдары бірде-бір қылмыстың тіркелме­гені белгілі болды. Тұрғындардың басым көпшілігі жұмысбасты, адал еңбек ет­кенді жақсы көреді. Дүкен сөрелерінен спирттік ішімдікті кездестірмейсіз. Ай­туарлықтардың бұл бастамасы өңірдегі барша елді мекенге үлгі болса екен», – дейді Бекзат Қайсаев.

Теңдік

Ішімдік ішпейтін ауылдардың бірі – Тайынша ауданына қарасты Теңдік елді мекені.

Ауылда 2002 жылы имандылық орда­сы – мешіт салынып, тұрғындар игілігіне беріліпті. Содан бері «тентек» судан бі­рауыздан бас тартқан. Ауыл халқының ішімдіктен саналы түрде тыйылуына ең алдымен Алланың жердегі үйі себеп бол­ған. Мешітті өз қаражатына тұрғызған ауыл ақсақалы, марқұм Орынбай Әлжа­нов.

«Небір отбасының шырқын бұзып, адамдар арасындағы алауыздықты өршітіп тұрған арақ атамыздан қалған ас емес қой. Осыны жастар түсінуі тиіс. Ауылдықтар ақылдаса отырып, харам су­сыннан мүлде бас тартуды ұйғардық. Ха­лыққа ауылда бұдан былай арақ мүлде ішілмейтінін, сатылмайтынын жария еттік. Содан бері дастарқанға спирттік ішімдік қойған емеспіз», – депті бір сұх­батында ақсақал.

Елді мекенде той-жиындарды ұлт­тық сусындармен өткізу дәстүрге айнал­ған. Кәсіпкер Шоқан Әлжановтың ай­туынша, ауылда қымызхана ашылғалы ұлттық сусынға сұраныс артқан. Елді мекенде 400-ге жуық тұрғын түтін тү­тетіп отыр. Екі дүкен халық игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Ешқайсысында ішімдік сатылмайды.

Арақ-шарап ішу доғарылғалы ауыл­да бірде-бір қылмыс тіркелмепті. Қандай да бір кикілжің туындаса, ақсақалдар ал­қасы төрелік жасап, мәселені ушықтыр­май шешуге тырысады. Ішімдіктен бас тартқалы бері жергілікті кәсіпкерлер ауылды дамытуға үлес қосып, игі баста­маларды жүзеге асырып келеді. Атап айт­қанда, жанашыр азаматтар өз қаражаты­на балаларға арналған спорт алаңын сал­ған.

Сулышоқ

Арақ атаулыдан ада болған тағы бір елді мекен – Мағжан Жұмабаев ауданын­дағы Сулышоқ ауылы. Қазіргі кезде мұн­да 50 шақты үй бар, 220-ға тарта адам тұ­рады. Сонымен қатар ауылда негізгі орта мектеп пен балабақша жұмыс істеп тұр.

Жұртшылық ақсақалдар алқасының бастамасын қолдап, осындай тоқтамға келген. Елді мекенде өміршең бастама өркен жайып, ойын-той арақ-шарапсыз өтіп келеді. Дүкендерінде ащы су сатыл­майды.

«Барлық жамандық атаулы арақтан басталатыны дінімізде де жазылған. Біз жетпіс жыл бойы өзге елдің идеологиясы негізінде тәрбиелендік. Шыны керек, арақсыз той өткізуді ұят санайтын буын қалыптасты. Бүгінде, Құдайға шүкір, игі дәстүрлеріміз қайта жаңғыртылуда. Жас­тар шын бақытты имандылықтан, ар-ож­данға деген адалдықтан табады», – дейді Сулышоқ ауылының тұрғыны Тоқтамыс Жанбүтенов.

Игі істің нәтижесінде ауылда ұрлық-қарлық сияқты қылмыстар азайып, құ­қық бұзушылықтар тіркелмеген. Сон­дай-ақ елді мекенде темірдей тәртіп ор­наған. Көшесінің тазалығы да қалалар­дан кем түспейді. Сулышоқтағы халық­тың басым көпшілігі мал шаруашылығы­мен және егіншілікпен айналысады. Олар елді мекен жанашыры, белгілі кәсіпкер, «Жәнібеков» шаруа қожалығы­ның директоры Қайрат Сапарғалиұлы­ның маңайына топтасып, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне үлес қосуда.

Еңбек

Есіл ауданына қарасты Еңбек елді ме­кені де – арақтан бас тартқан ауылдар қа­тарында. Тұрғындар өз ауылын жайлы әрі қауіпсіз ету мақсатында осындай шешімге келген. Жергілікті жұртшылық бұл игі бастаманы өзгелерге үлгі етіп, кеңінен насихаттауға ниетті. Прокурату­ра өкілдері мұндай тәжірибе қылмысты азайтып, ұрлық, түрлі жанжалды сап тыяды деп отыр.

«Алкоголь жоқ жерде тәртіп бар. Ал тәртіп бар жерде заң талаптары берік сақталады. Елді мекенде соңғы 3 жыл­да бірде-бір қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген емес. Прокуратура мұндай игі бастамаларды қолдайды. Сондай-ақ үлгілі ауылдар саны арта түсетініне сенеміз», – дейді Есіл ауданының прокуроры Кенжебек Қожахметов.

«Ащы» судан бас тартқалы бері жергілікті кәсіпкерлер ауылды дамытуға үлес қосудың түрлі жолын қарастырып, игі бастамаларды жүзеге асыра бастаған. Қайырбек Қожасов жаңа бастауыш мек­тептің құрылысын қолға алып, жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берген. Бұл балалардың өзге елді мекендерге қа­тынамай-ақ өз ауылында сапалы білім алуына мүмкіндік бермек.

Облыстық ішкі саясат басқармасы­ның басшысы Асқар Хабибулин жуырда Уәлиханов ауданындағы Жамбыл және Шағырсай, Айыртаудағы Бірлестік пен Қарасай батыр, Ақжардағы Қарашілік ауылдарында болған ауылдастардың жиынында ішімдіктен бас тарту, оны дү­кенде сатпау, барлық отбасылық шара­ларды алкогольсіз өткізу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Жергілікті по­лиция мен тұрғындардың айтуынша, со­дан бері мұнда бірде-бір ауыр немесе аса ауыр қылмыс тіркелмеген, ұрлық пен от­басылық жанжалдар да жоқ. Аққайың ау­данындағы Дайындық ауылының тұр­ғындары да екі жыл бұрын ішімдіктен толығымен бас тартқан. Мұндағы халық­ты жергілікті «Дайындық» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі жұмыспен қамтып отырғанын айта кету керек. Оның директоры Біржан Шаймерденов – ішімдіктен бас тартуды ұсынған баста­машылардың бірі.

Толғанай МӘКЕНОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp