Қазақ бұған дейін жұт жеті ағайынды деп келсе, қазір олардың қатарына арақты қосып, сегіз деп есептейді. Несін айтасың, “ащы судың” әлегі көп. Өкінішке қарай, кейбіреулер оны басы пәлеге қалғанда ғана түсінеді.
Солардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Тоқсан би ауылының тұрғыны Евгений Ахмедьяров. Жасы 30-дар шамасындағы, тепсе темір үзетін жігіт жарытып жұмыс істемеген. Үйленіп, үй болу керектігін де есіне алмаған. Сөйтіп жүріп ол спирттік ішімдікке әуестене бастаған.
Үстіміздегі жылғы наурыз айының 1-інен 2-сіне қараған түні Евгений Ахмедьяров ауылдасы Н.Животовскийдің үйінде О.Бондарович, Ю.Крюковтарға қосылып арақ ішеді. Біраз шөлмек босатылады. Бір мезгілде Ахмедьяров пен Бондарович асүйге шығып кетеді. Ықылық ата мас болғанша ішіп алған адамның аузынан жақсы сөз шыға ма? Евгений жанындағы әйелге тиісе бастайды, намысқа келетін сөздер айтып балағаттайды. Бұл жерде ерлерден қалыспай жұтып алған Бондарович те қарап қалмағанға ұқсайды. Бөтелкелесінің қолына пышақ ұстап тұрғанын көрген ол “керемет болсаң, өлтір, пышақта” деп терісіне сыймай ашуға мініп тұрған Евгенийге қарсы ұмтылады. Анау болса еш ойланбастан пышақты әйелдің мойын тұсына салып жібереді. Сәкіге құлап түскен әйелдің қанға боялып жатқанына қарамастан, екі аяқты жыртқыш оған тағы да пышақ жұмсайды.
Ауыр қылмыс жасаған адамның тартатын жазасы да ауыр болатынын кеш түсінген ол асылып өлмекші болады. Онысынан ештеңе шықпаған соң өзіне-өзі пышақ салған. Мұнысынан да ештеңе шықпайды.
Осы істі қараған қылмыстық істер жөніндегі облыстық мамандандырылған ауданаралық сот кісі өлтірген Евгений Ахмедьяровқа қатысты тиісті үкім шығарды. Ол алдағы 9 жыл өмірін темір тордың арғы жағында өткізетін болды.
Қылмыс жер, уақыт, ұлт, жас таңдамайтыны да белгілі. Сонау Семей қаласында тұратын, жасы алпысты алқымдаған, жеке кәсіпкер болып жұмыс істейтін Геннадий Гагарин өткен жылдың 1 қазан күні қаламыздағы Парк көшесінде орналасқан “Эйкос” ЖШС-нің аумағында жүргізушілермен оразаларын ашар-ашпастан арақ ішеді. Түс ауа сағат 4-тер шамасында Геннадий ішімдік ішуді өзінің “Вольво” жүк машинасының салонында танысы Юрий Юрченкомен кешкі сағат 9-ға дейін жалғастырады. Мастық шалқығанда, ақыл тартылады емес пе?! Отырыс аяқ астынан дау-дамайға ұласады. Денесі әлдеқайда мығым семейлік басбұзар жуан жұдырығын ала жүгіреді. Бас-көз деп қарап жатпай соққының астына алады. Қарсыласуға шамасы жоқ Юрий бір мезетте құлап түседі. Көзі қанталаған әумесер болса оған қайыра ұмтылып, тамағына қарулы қолын салып жіберіп, қылқындыра бастайды. Сөйтіп, бөтелкелесін өлтіріп тынады. Ол да 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал мына бір қанды оқиға өткен жылдың аяғында Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышенка ауылында орын алған. Жасы отыздан жаңа ғана асқан, жұмыс десе кержалқау, бірақ “ащы суға” аңсары әр кез ауып тұратын Дмитрий Всякий кешкілік В.Калашниковтың үйіне келеді. Бұған дейін де “ащы судан” жұтып алған екеу бірден бөтелкені ортаға алып, үстел басына жайғасады. Сөйтіп отырғанда әңгімелері жараспайды. Мөлшерсіз ішілген арақтың салдары ақылынан адастырған Дмитрийдің қолына пышақ ілігеді. Ол осы кезде өзіне бетпе-бет тұрған Калашниковқа кеуде тұсын, мойнын ала бірнеше рет пышақ сілтейді. Мынадай соққы шыдатсын ба, жапа шегуші құлап түседі, содан көз жұмады. Істі қараған сот Всякийге де ауыр жаза кесті.
Тізе берсек, осындай оқиғалар аз емес. Арақ – әзәзіл. “Ащы суға” салынғандар осыны ескерсе екен дейміз.
Қошан ҚАЛИ,
“Soltústіk Qazaqstan”.