Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Ардагер” атты клубтың құрылғанына отыз жыл толуына орай салтанатты жиын өтті.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған клубтың мерейтойлық кешіне аға буын өкілдері ғана емес, жастар да жиналды. Айтулы шарада қонақтардың назарына көрме ұсынылды. Көрмеге уақыт табынан сарғайған суреттер, соғыс және еңбек ардагерлерінің өнегелі өмір жолынан сыр шертетін тарихи құжаттар мен қолөнер бұйымдары қойылды.
“Елу жылда ел жаңа” дегендей, отыз жылда ардагерлердің өмірінде талай өзгерістер орын алды. Клуб мүшелерінің қатары зейнеткерлердің жаңа легімен толықты. Бір кездері ерен еңбегімен көзге түскен клубтың алғашқы жетекшісі, еңбек және соғыс ардагері Қасым Жүнісов пен оның орынбасары Лидия Орлованың қоғам мүддесіне қызмет ету қағидасы қазір де бұлжымас заң болып келеді.
Бүгінгі күні “Ардагер” клубына Нина Полищук жетекшілік етеді. Қарттар жүйелі түрде бас қосып, өңірдің әлеуметтік, қоғамдық өміріндегі мәселелерді талқылап, олардың шешімін іздестіріп, мемлекеттік орындарға өз ұсыныстарын жолдайды. Олардың ізденістері мен тынымсыз еңбегі орталық ардагерлер кеңесі тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше рет марапатқа ұсынылды. Ал клуб мүшелерінің белсенді ат салысуымен ұйымдастырылған “Звонница”, “Балқадиша” сынды өнер ұжымдары облысымызға ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де кеңінен танымал. Жаңашылдыққа құмар, жақсылыққа құштар белсенділер құрмет пен беделден кенде емес.
Жалғыздың шаңы шықпайтыны белгілі. Сондықтан “Ардагер” клубы жастарды еңбекке баулып, оларға отаншылдық тәрбие беру бағытында облыстың мәдениет ошақтарымен, оқу орындарымен, қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік мекемелермен тығыз жұмыс істейді.
Салтанатты шарада бір кездері клубқа жетекшілік еткен Павлина Соколова, Равиль Рязапов, Виктор Самойленко, марқұм Виктор Сайко сынды аға ұрпақ өкілдерінің ерен еңбегі ерекше аталды. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников зейнеткерлерді мерейлі белеспен құттықтап, шыңдалу мектебінен өткен қарттардың алдағы уақытта да жастарға тәрбие беру бағытында жемісті еңбек ететініне сенім білдірді.
Игі мақсаттағы нәтижелі жұмыс елеусіз қалмайды. Жиында Павлина Соколова мен Нина Полищук орталық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды. Ал бір топ белсенді облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиын соңында облысымызға танымал өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, қарттарды ерекше әсерге бөледі.