Есіл ауданының Волошинка ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Перепечаевке құрмет көрсетіліп, көмек берілді.
Аудан әкімі Мұратбек Әбішев пен “Пушкинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Козленко ардагермен кездесу барысында майдангердің хал-жағдайын біліп қана қоймай, күрмеуі қиын қандай мәселе барын сұраған еді. Ардагердің туысқандары ол тұратын үйдің терезелерінің тозығы жеткенін, қыста суық соғатынын айтып, мүмкіндік болса заманауи үлгідегі терезелерге ауыстырып беруді сұраған болатын. Бұл мәселе көп кешікпей шешімін тапты. Терезелер жаңартылып, “Пушкинское” ЖШС-нің жұмыскерлері ардагердің үйінің аумағын абаттандырды. Кәсіпкер бұған дейін де Иван Перепечаевке үнемі қолдау көрсетіп, назардан тыс қалдырмаған. Өз кезегінде майдангер аға ұрпақты қамқорлығына алған жанашыр азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Волошинка орта мектебінің ұжымы мен оқушыларына да оның ризашылығы шексіз.
Жұлдыз ЖҰМАТАЕВА,
журналист.
Есіл ауданы.