
Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылында соғыс және ішкі істер органдарының ардагері Лекер Шаймергеновті еске алуға арналған іс-шаралар өтті. Облыстық полиция департаменті мен майдангердің ұрпақтары оның құрметіне спорттық жарыстар ұйымдастырды.
Майдан алаңына 18 жасында аттанған Лекер Шаймергенұлы Эльба көлі маңында өткен одақтастар кездесуіне де куә болған. Сондай-ақ, концлагерьлердегі тұтқындарды босатуға да қатысқан. Азапталған тұтқындардың арасында екі қазақ жігітін кездестірген. Оның өміріндегі тағы бір ерекше оқиғалардың бірі маршал Георгий Жуковпен кездесуі еді.
Майдангер Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Әскер қатарында 1952 жылға дейін болған ол елге оралған соң, өз қызметін құқық қорғау органдарында жалғастырды. Оның өмірден өткеніне биыл он жыл болды.

Алдымен тәртіп сақшылары майданда қаза тапқан қызылжарлықтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, есімдері жазылған тақтаға гүл шоқтарын қойды.
– Лекер Шаймергенов құқық қорғау органдарында 35 жыл еңбек етіп, отставкаға майор шенінде шықты. Қызметін адал атқарып, әрбір іске жауапкершілікпен қарағанының арқасында “Кеңес милициясының үздігі” белгісімен марапатталып, үздік учаскелік милиционер атанды. Облыстық полиция департаментінде соғыс және ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсету дәстүрі қалыптасқан, – деді полиция подполковнигі Руслан Тасимов.
Қанқұйлы соғыстан аман оралғаннан кейін 771 солтүстікқазақстандық ішкі істер органдарында қызмет етті. Бүгінгі таңда олардың бесеуі ортамызда жүр. Тәртіп сақшылары ардагерлерге ерекше қамқорлық көрсету арқылы өскелең ұрпақтың бойында бейбіт күнді сыйлаған батырларға құрмет мен ризашылық сезімін тәрбиелеуге мән беретіндерін айтты.