Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның кәсіпкерлері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қаржылай және материалдық көмек көрсетуде.
“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қолға алынған “Ұрпақтар алғысы” жобасы аясында облыстық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Марат Ахметов Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Карпекиннің отбасында болды. Ардагердің хал-жағдайын сұрағаннан кейін филиал директоры үй иесіне жеке кәсіпкерлер Әлия Ыбыраева мен Ғалия Жапарованың атынан “Отау-ТВ” спутниктік антеннасын табыс етті.
Василий Михаилович 1930 жылы 27 маусымда Ресейдің Брянск облысындағы Суземский ауданының Кокоревка ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдары жасөспірім бала Брянск ормандарындағы партизандық қозғалысқа қатысады.
Партизандар неміс-фашист басқыншыларына ауыр соққы беріп отырған. “Рельстік соғыс” қарсыластардың қыруар техникасы мен жауынгерлерін жойды. Осы орайда партизандардың көзін құртуға ерекше көңіл бөлінеді. 1943 жылы Василий Михайлович тұтқынға түсіп, Борисовадағы концлагерьге жөнелтіледі. Пойызбен Германияға бара жатқан жолда эшелон бомбыланып, осыны пайдаланған Василий Карпекин өзі сияқты бірнеше жасөспірімдермен қашып құтылады. Чернигов облысына жеткен олар Федоровтың партизандық отрядында соғысып, осы жерде кеңес әскерін қарсы алады.
Василий Карпекин Қазақстанға 1954 жылы комсомолдық жолдаманың арқасында келіп, тың игеруге қатысады. Алдымен жүргізуші, одан кейін механик, партиялық ұйымдастырушы болып еңбек етеді. Басқарушы құрамның республикалық мектебінде білім алғаннан кейін Буденный ауылдық кеңесінің төрағасы, бөлімше басқарушысы қызметінде болады. Осылай қан мен терді бірдей көрген ардагер әр жылдары ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Белоруссияны азат еткені үшін”, “Украинаны азат еткені үшін”, “Маршал Жуков”, “Ерен еңбегі үшін”, “Тың игеруге 50 жыл”, “Астанаға 10 жыл” медальдарымен марапатталған.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.