
Жеңіс күніне орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлда тұрып жатқан соғыс ардагерлерінің шаңырағында болып, отты жылдарда жаумен арпалысқан майдангерлерді мерекемен құттықтады.
Қазір облыста көзі тірі 52 соғыс ардагері тұрып жатыр. Есіл ауданында дүниеге келген Қожатай Некібаев 1941 жылы әскер қатарына алынған. 1943 жылы ұрыс даласына аттанып, екінші Украин майданында шайқасты. Қожатай Сейтахметұлы екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне, Жуков атындағы және “Германияны жеңгені үшін” медальдарына ие болған.

Отан үшін от кешкен Иван Клименко да – ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлердің бірі. Ол әскер қатарына 1944 жылы шақырылып, Қиыр Шығыстағы ұрыстарға қатысты. Иван Трофимович те екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Германияны жеңгені үшін” және “Жапонияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталған.
Өңір басшысы қос ардагерге бейбіт күн сыйлағандары үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.
– Бүгінгі бейбіт күн үшін сіздерге мың алғыс. Майдангерлер оқ пен оттың ортасында ауыр күндерді өткеріп, соғыстан кейін еңбек майданында еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Өңіріміздің дамуына атсалысып, ерлік пен еңбексүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсеткен аға ұрпақ өкілдеріне ризашылығымыз шексіз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.