Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысуымен өткен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысында бірқатар аға ұрпақ өкілдеріне жастар тәрбиесіндегі игі істері үшін алғыс білдірілді. Осы алқалы жиында өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулу мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов үстіміздегі жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы, Сәбит Мұқановтың 120 жылдығы атап өтілгенін тілге тиек етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы ардагерлер ұйымдары жұмысына тың серпін бергенін айта келе, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аясында облысымызда өткізілген шаралардың маңызына тоқталды.
Жамбыл аудандық ардагерлер ұйымының төрайымы Нина Бородавко өз іс-тәжірибесіне сүйене отырып өз ойымен бөлісті. Бұл ауданда 18 қоғамдық мұражай жастарға отаншылдық рух беретін тәрбие орталығына айналып отыр. Аудандағы 27 бастауыш ардагерлер ұйымы бұл бағытта ұстаздар ұжымымен бірлесе отырып алапат соғыста қаза тапқан жерлестерінің есімдерін ұлықтау, майдангерлерге қойылған 54 ескеткішті жөндеу, күту сияқты игі істердің ұйтқысына айналған. Майдангер жерлестер туралы деректерді жинауда жергілікті өлкетанушы Александр Фроловтың еңбегіне жұртшылық дән риза. Ал Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Светлана Грамотеева мен Василий Лукьянченконың көмегімен жерлес майдангерлер туралы кітап жарық көрді.
Бір айтарлығы, ардагерлер ұйымдары бүгін ескі таптауырын сүрлеумен жүрмей, өзіндік жұмыс әдістерін іздестіруде. Мысалы, Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылдық округінің ардагерлері жастармен кездесулерін мектеп мұражайында өткізсе, Мағжан Жұмабаев ауданында отаншылдық тәрбие мақсатында ардагер Геннадий Чаплыгин түсірген аудан тарихынан сыр шертетін деректі фильмдер кеңінен қолданылады. Геннадий Васильевич түсірген бес жүзден аса бейнетаспалар аудандығы танымал еңбек ардагерлері туралы баяндайды.
Алайда, ардагерлер ұйымдарының жұмысы барлық жерде өрге басып тұр деуге болмайды. Бұл туралы отырыста сөз алған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников және жастармен отаншылдық және рухани тәрбие жұмысы жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Сәуле Тахметова ашық айтты.
Мұның өз себептері де бар. Бүгінгі күні қаржы тапшылығы, байланыс құралдарының жетіспеушілігі көптеген бастауыш ұйымдардың жұмысына қолбайлау болып отыр. Осыған байланысты ардагерлер қойған сұраққа отырысқа қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов жауап берді.
– Мен ардагерлер ұйымдарының жұмысымен таныспын, – деді ол. – Сіздердің жастар арасында жүргізіп отырған тәрбиелік іс-шарларыңыздың маңызы өте зор. Ардагерлер ұйымдарының қаржылық қиындықтарға тап болып отырғанын да түсінемін. Біздің облыста бүгінгі таңда 20 мыңдай адам 300-ден аса үкіметтік емес ұйымдар құрамында еңбек етуде. Үкіметтік емес ұйымдардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп қаржыландырылады. Ал ардагерлер ұйымдарына келсек, қазір ел бойынша оларға стратегиялық әріптестік шеңберінде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жобасы қарастырылып жатыр.
– Ардагерлер әрқашан да идеологиялық жұмыстың алдыңғы легінен көрініп келеді, – деді сөзін жалғастрыған Ғани Нығыметов. – Жастармен кездесулерде олар әңгімеге арқау ететін игілікті істер өңірімізде жеткілікті. Мысалы, өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша облыстық бюджет көлемі екі есе өсті, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша экономикалық, әлеуметтік дамуда өзге өңірлер арасында көш бастап келеміз. Қазір 270 елді мекенде әлеуметтік нысандарды, жолдарды жөндеу жүріп жатыр. Алайда, бүгінгі жастар мұның бәрін біле бермейді. Олар жағымсыз, жалған хабарларға толы ғаламтор әлемінде өмір сүріп жатыр. Сондықтан да оларға сіздердің еңбек ардагерлері туралы айтып, халқымыздың даңқты дәстүрлерін насихаттағандарыңыз өте маңызды. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз.
Отырыстың соңында Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Жанкелді Тәжин жасөспірімдер мен жастар ұйымдарының арасында өткен әскери-отаншылдық мазмұндағы облыстық «Жеңіс-75» байқауының қорытындысын жариялады. Он бір аталым бойынша өткен бұл байқауда жеңімпаз атанған №2 Бескөл орта мектебінің «Сардар» бірлестігіне, «Саланг» әскери-отаншылдық тәрбие клубына және «Жас сарбаз» клубына облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мадақхаттары тапсырылды. Сондай-ақ жеңімпаздар облыстық білім басқармасының дипломдарымен марапатталды.
Ардагерлер ұйымдарының белсенділері Орталық ардагерлер кеңесінің марапатына ие болды. Атап айтқанда, облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Мария Батаеваға Құрмет белгісі, Тайынша ауданы Келлеровка ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрайымы Людмила Ситдиковаға Құрмет хаты, Оңтүстік Орал темір жолы Петропавл бөлімшесі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Ирина Ануфриеваға және Аққайың ауданы Власовка ауылдық округі ардагерлер ұйымы «Мрия» вокалдық тобының жетекшісі Марина Полтавецке Орталық ардагерлер кеңесінің дипломы табыс етілді.
Айыртау ауданы Володар ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Гаухар Қыдырбекова, Мағжан Жұмабаев ауданындағы «Булаевец» фотосурет студиясының жетекшісі Геннадий Чаплыгин Орталық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марпатталды.
Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының шешімімен Анаталий Мишин, Жамбыл Тасеменов, Қабдусалам Шәріпов «Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ал Нина Полищукке облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаты табыс етілді.