“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында “Ардагерлерді ардақтайық” партиялық жобасының аясында қарттарға қолдау көрсету жөнінде брифинг өтті.
Жиынды “Нұр Отан” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев пен “Жас Отан” жастар қанаты қалалық бөлімінің төрағасы Абылайхан Қайроллаев өткізді. Олар айлық аясында қаланың барлық емханаларында арнайы консультативтік-емдік көмек көрсетіліп, қарттарға арналған концерттер ұйымдастырылатынын сөз етті.
“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында жасотандықтар қалада тұратын еңбек ардагерлері мен қарттардың ауласын тазартып, пәтерлерін жинастырып, көмек қолдарын созады. Университет пен колледж студенттерінен құрылған “Жас Отан” активистері “Ақыл алсаң азбассың, көпті көрген көнеден” дегендей, СҚМУ-дің ардагер ұстазы Фаина Усманова мен 98 жастағы ардагер Иван Лунёвке көмек көрсетіп, олардың тұшымды әңгімелерін тыңдап, рухани нәр алып қайтты. Бұдан бөлек, айлық аясында ардагерлерімізді “Абылай хан” резиденциясына, мұражайларға экскурсияға апару жоспарланған. Мемлекеттік қызмет көрсетуді түсіндіруге байланысты “Ашық есік күндері” де ұйымдастырылады.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.