«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРЛЕРІМІЗ ӘСКЕРИ ПАРАДҚА АТТАНДЫ

Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов Астана қаласында өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысатын ардагерлермен кездесіп, мерекемен құттықтап, марапаттады.

Айтулы шараға өңірімізден 14 ардагер аттанды. Олар елордаға өңіріміздегі бүгінде көзі тірі 262 ардагердің ыстық ықыласты сәлемін жеткізбек.

– Бүгінде елімізде осы мерейтойға орай түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың біразы елордамыз – Астанада жоспарланған. Ардагерлеріміз Астанада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесіп, әскери парадты көріп, “Отан қорғаушылар” монументіне гүл шоқтарын қою шараларына қатысады. Барша халықтың назарында болатын мерекелік шаралардан қуат алып оралыңыздар! – деді өңір басшысы Ерік Сұлтанов.

Кездесу барысында Тайынша ауданынан келген соғыс ардагері Дмитрий Ларионовқа Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы тапсырылса, қалған 13 ардагерге гүл шоқтары мен Жеңістің 70 жылдығына арналған “Өшпес ерлік” естелік кітабы тарту етілді.

– Бізге көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлыққа алғысымыз шексіз. Еліміз тыныш болып, жас буын біздің көрген бейнетімізді бастарынан өткермесін, – деді 9 мамыр күні 96 жасқа толғалы отырған Уәлиханов ауданынан келген соғыс ардагері Әусағит Мұқашев.

Мерекелік көңіл күйімен Астанаға жол тартқан ардагерлерді облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, жас буын өкілдері зор қошеметпен әуежайда шығарып салды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp