«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРЛЕРІН АРДАҚТАДЫ

Облыстық ішкі істер департаменті Халықаралық қарттар күніне байланысты өздерінің ардагерлерін құттықтады. Салтанатты шараға өңір басшысының орынбасары Анархан Дүйсенова, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен дінбасылар қатысты.

Бүгінде өңіріміздегі ардагерлер ұйымдарының есебінде ішкі істер органдарының 1,5 мыңнан астам ардагері бар. Оларды қолдау тұрғысында ішкі істер департаменті саласында еңбек етіп жүрген офицерлер де өзге ұйымдар секілді қайырымдылық сенбілігін өткізіп, біркүндік жалақыларын ардагерлер кеңесінің қорына аударған. Салтанатты жиынды ашқан облыстың бас полицейі Берік Біләлов бұл саналы ғұмырларын аталмыш органның дамуына арнаған аға буын өкілдеріне құрмет екендігін тілге тиек етті .

4 қазанда Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Иван Шипп 90 жасқа толмақ. Қарттар күні мерекесіне арнайы ұйымдастырылған жиын барысында генерал-майор Берік Біләлов мерейтой иесіне “Белоруссияның азат етілгеніне – 70 жыл” естелік медалін, Ішкі істер министрлігі мен өз атынан құттықтау хаттарды табыс етті.  

Иван Иванович әскер қатарына 1942 жылы алынып, майдан даласында жаумен шайқасады. Елі мен жерін жаудан азат етуге атсалысқан майдангердің Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы ордендері мен “Жауынгерлік ерлігі үшін”, “Ерлігі үшін”, “Кенингсбергті алғаны үшін” секілді 30-дан астам наградасы бар.

Иван Иванович еңбек жолында учаскелік полицейден қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығына дейін көтеріледі. Бес жылдан артық Мамлют аудандық ішкі істер бөліміне жетекшілік еткен. Өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болар қартты облыс әкімінің атынан Анархан Дүйсенова құттықтап, мерейтой иесіне облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Осы күні тоқсанның төріне шыққан қарт, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі ардагерлер кеңесінің де Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлығын иеленсе, ұлағатты ұстаздың жолын жалғастырған жас ұрпақ та жиын барысында ардагерді мерейтойымен құттықтап, тарту-таралғыларын жасады. Бұл ретте Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы оған Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің шипажайына жолдама табыстады.

– Еңбегімді елеп, марапат көрсетіп жатқаны үшін облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен ішкі істер департаментінің басшылығына ризашылығым шексіз. Жастарға қызметтеріңізді абыроймен атқарып, кәсіби шеберліктеріңді шыңдап, әрдайым биіктерден көріне беріңдер дегім келеді, – деді Иван Шипп.

Осы күні “Мерейлі отбасы” жалпыұлттық байқауының жеңімпазы атанған Магомедовтер отбасы да құрметке бөленді. Ішкі істер саласындағы жалпы еңбек өтілдері төрт ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулетті облыстық этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері мен әріптестері қошеметтеп, жүрекжарды тілектерін айтып, сыйлықтар табыстады.

Салтанатты шара соңында жиынға қатысушыларды ішкі істер департаменті басшысы аталмыш органның алдағы жоспарларымен таныстырып, жалпы еліміздегі құқықтық саясаттан құлағдар етті. Артынша залға жиналғандар облыстық ішкі істер мұражайын аралап, органның тарихынан сыр тарқатар жәдігерлермен танысты.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp