«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРЛЕР — АЛТЫН ДІҢГЕК

 

Биыл Қазақстанда ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгілерге ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялататын ардагерлер қауымының бұл мерейтойы бүкіл Тәуелсіз еліміздің аумағында кеңінен атап өтілуде. Кеше республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтті. Салтанатқа облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Бұл мерекелік шараға облысымыздағы ардагерлер қозғалысының белсенділері, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, қоғамдық бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері шақырылды.

Салтантты жиналыста облыс әкімі Құмар Ақсақалов барлық аға буын өкілдерін республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтады.

– Ардагерлер – біздің алтын діңгегіміз. “Қарты бар ел – қазыналы ел” деген халық даналығы тегін айтылмаған. Тарихтың көзі, өткеннің дәлелі, кешегінің жалғасы – осы отырған абзал ағаларымыз бен ақжаулықты аналарымыз. Ұлы Жеңісті жақындатудағы, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтірудегі ардагерлеріміздің ерліктері мен еңбектері жас ұрпаққа өнеге. Осындай қиындықтардан өткен аға буын өкілдері Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға да өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Ардагерлердің Елбасы алға қойған келелі міндеттерді жүзеге асыруға, еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың, этносаралық келісімнің нығаюына қосып жүрген үлестері зор, – деді Құмар Іргебайұлы.

Өңір басшысы үздік ардагерлер ұйымы үшін облыс әкімінің грантын тағайындағанын жария етті. Бұл конкурстың қорытындысы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында шығарылатын болады.

Салтанатты жиналыста ұзақ жылғы адал еңбегі, жас ұрпақты патриоттық, рухани-адамгершілік тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін және ардагерлер ұйымының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты бір топ аға буын өкілі облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Олардың арасында “Бос уақыт” ардагерлер клубының төрағасы Серік Ыбыраев, Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Борис Баяшев, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Аманжол Нұртаев және басқалар бар.

Орталық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев жиналғандарға құттықтау сөзін арнады және осы қоғамдық бірлестіктің тарихына қысқаша тоқталды.

– Сонау 1987 жылы іргесі қаланған ардагерлер ұйымы бүгіндері еліміздегі белсенді қоғамдық бірлестіктердің біріне айналған. Оған Қызылжар өңірінің тумасы Мақтай Сағдиев жиырма жылға жуық жетекшілік еткен. Бүгіндері еліміздің аумағындағы ардагерлердің басым бөлігі он мыңға жуық бастауыш ұйымға біріккен. Ардагерлер ұйымдары елімізде атқарылып жатқан барлық игі бастамаларға белсене қатысып, қоғамдағы этносаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де ерен еңбек сіңіріп жүр. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесі тындырымды жұмыстар атқаруда. Сіздердің қарттарды қолдау үшін қайырымдылық сенбілігін өткізу бастамаларыңыз барлық өңірлерге тараған, – деген Бекболат Бапанұлы бір топ ардагерге Орталық ардагерлер кеңесінің Құрмет белгісін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өз сөзінде сексен мыңнан астам мүшесі бар өңіріміздегі осы қоғамдық бірлестіктің қалыптасуы, оның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге қосқан үлесі мен атқарып жатқан игілікті істері, алда тұрған міндеттері туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Еліміздің өңірлерінде бірінші болып тағайындалған “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті ардагері” төсбелгісі мен облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы бірнеше аға буын өкілдеріне тапсырылды.

Салтанатты жиналыс өңіріміздің белгілі әншілері мен өнер ұжымдарының мерекелік концертімен тамамдалды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp