«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРЛЕР БЕЛСЕНДІЛІГІН БӘСЕҢДЕТПЕЙДІ

Кеше облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысы өтіп, онда қоғамдық ұйымның жұмысына қатысты бірнеше мәселе талқыланды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің өткен жылғы қызметіне қорытынды жасап, биылғы атқарылатын жұмыс жоспарын алға тартқан кеңес төрағасының орынбасары Анатолий Корабельниковтің айтуынша, ардагерлердің бастамасымен өткен жылы 791 рет жиын өтіпті. Әр ауданда ұйымдастырылған төрт семинар ұйымның жұмысын одан әрі жандандыруға, аға буынды толғандырып жүрген мәселелерді шешуге арналған. 65 шара ардагерлердің заман талабына сай біліктілігін арттыруға бағытталса, 396 адам бастауыш ұйымдарға мүшелікке өтуге өтініш білдірген. 252 ардагер сауықтыру орталықтарына жолдама алып, денсаулықтарын түзеп қайтқан. Ардагерлер жастар тәрбиесіне де үлкен мән беріп, түрлі шаралар өткізген.

Осы және тағы басқа да атқарылған жұмыс қорытындыларынан бұл ұйымның қоғамда өзінің ойып алар орны бар екенін аңғаруға болады. Анатолий Андреевич, сондай-ақ, ұйымның 2015 жылға жоспарлаған жұмыстарына тоқталып, Жеңістің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылатын шараларда белсенділік танытатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі қарт-қариялардың әлеуметтік жағдайы, оларды мәдени-бұқаралық жұмысқа тартуға қатысты бірқатар шаралар өткізілетіні сөз болды.

Облыстық ардагерлер кеңесі өткен жылдың шілде айында Жеңістің 70 жылдығына дайындық барысында әр аудандағы бастауыш ұйымына өзіне қарасты елді мекендердегі соғыста қаза тапқандарға арналған ескерткіштерді қалпына келтіруді, аудан бойынша соғысқа қатысқандардың тізімін құрастыруды және ерлігімен көзге түскендердің құрметіне тиісті шаралар ұйымдастыруды міндеттеген болатын. Осыған байланысты Айыртау және Қызылжар аудандарында бұл жұмыстардың қалай атқарылып жатқандығын сондағы ұйымдардың төрағалары баяндады.

Сондай-ақ, жиында ардагерлердің денсаулығын сақтау, алдағы ардагерлер кеңесінің есеп беру-сайлау науқанына дайындық, қоғамдық ұйымның БАҚ-пен бірлескен жұмысын жандандыру, аға буын арасында спорт шараларын өткізу сияқты мәселелер де айтылды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp