Астана күні мерекесінің құрметіне ардагерлер командалары бильярд ойынынан бірінші рет өңірлік турнир өткізді. Үстел басындағы ептілік пен мергендік сайысына облыстық ардагерлер кеңесінің, облыстық ішкі істер департаментінің, Қарулы Күштер мен Қауіпсіздік комитеті ардагерлер кеңестерінің бильярдшылары қатысты. Соның ішінде облыстық ішкі істер департаментінің ардагерлер кеңесі жарысқа үш команда қосып, турнирде барлығы алты команда немесе 12 спортшы күш сынасты.
Жарысты өткізудегі мақсат облыс орталығындағы ардагерлер кеңестерінің қарттардың бос уақыттарын пайдалы өткізулерін дұрыс ұйымдастыруда өзара ынтымақтастыққа қол жеткізу болса, оның осы мақсаттан шыққаны сөзсіз.
Бірден алты үстелде ұйымдастырылған тартысты сайыстар жоғары санатты “Кристалл” бильярд клубында өтті. Шиеленісті өзара кездесулердің нәтижесінде командалық және жеке біріншілік жеңімпаздары анықталды. Командалық жарыста қарсыластарының барлығын ұтқан ішкі істер департаменті ардагерлерінің №1командасы жеңіс тұғырына көтеріліп, ауыспалы кубокты еншіледі. Сол сияқты, сәтті ойын өрнегімен көрінген осы департаменттің №3 және №2 командалары сәйкес түрде одан кейінгі жүлделі орындардың дипломдарымен марапатталды.
Жалпы бірінші рет өткен турнир жарысында облыстық ішкі істер департаменті ардагерлерінің жолы болды. Жеке біріншілік кездесулерінде осы департаменттің №1командасының капитаны Бексұлтан Бижанов ешкімге дес бермей, турнирдің алтын жүлдесіне қол жеткізді. Ал оның командалас әріптесі Нұрғали Оразалинов күмістен алқа тақса, №3 команданың өкілі Давид Шнайдер жарыстың қола медалін еншіледі.
Облыстың ардагер спортшылары жақсы демалыс ойынына жататын бильярд жарысы турнирінің жылма-жыл өткізіліп, дәстүрге айналғанын қалайды. Өздерінің келесі жарыстарда өте қызу бәсеке тудыратындай дайындықта болатындарын айтады.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.