Қарттар айлығы аясында Есіл аудандық Мәдениет үйінде алдыңғы толқын өкілдеріне құрмет көрсетілді. “Ильинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Сергей Бурлев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашевқа “Лада-Гранта” автокөлігінің кілтін табыстады.
Шараға аудан әкімдігі аппаратының, аудандық мәслихаттың, ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Жиналған қауымды қарттар күнімен Есіл ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Еділ Тұтқышев құттықтады. “Қазақстанда зейнет жасындағы адамдардың еліміздің экономикалық, қоғамдық, мәдени және рухани өміріне қатысуына барлық жағдайлар жасалып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында зейнетақы мен жәрдемақы уақытылы төленіп, қарттарға санаторийлік-курорттық ем-дом ұсынылады”, – деді ол.
Өз кезегінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашев ұйымға жасаған меценаттық сыйлығы үшін “Ильинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Александар Бурлев пен оның ұжымына алғысын жеткізіп, қоғамымызда жомарт жандардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқанын зор қуанышпен атап көрсетті.
Тоқмырза Абашев пен Дәмелі Жарлығапованың “Елге сәлем” әнімен шымылдығын түрген концерттік бағдарламада ардагерлердің “Отрада”, балалардың “Лейся песня!”, “Күнсұлу”, ерлердің вокалдық топтарының, музыка мектебінің өнерпаздарының және Қайыргелді Жәменов, Нұркен Сисенбаев, Сандуғаш Қазымова, Ботакөз Тастамбекованың әндері мен Ерлан Ғалымжановтың “Адай” күйі көрермендердің зор қошеметіне ие болып, қарттарды бір серпілтіп тастады.
Осы күні қарттар үшін дәмханада мерекелік дастарқан жайылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Екатерина ОШМАРИНА,
Есіл аудандық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрайымы.