Тайынша қаласында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, бірнеше соғыс ардагеріне салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді.
Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Серік Салтықов тайыншалық ардагерлерді Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
“Строй-реконструкция” және жергілікті “Алтынтау НЧ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері салған жалға берілетін коммуналдық үйдің құрылысына жергілікті және республикалық бюджеттен 309 миллион 148 мың теңгенің қаражаты жұмсалды.
Бұл күні жаңа пәтерге ие болған соғыс ардагерлері Виктор Будзинский, Юзефа Бурачевская, Иосиф Ракетский, Василий Шипулин, Антон Юха мемлекеттің қарияларға деген қамқорлығына ризашылықтарын білдірумен болды.
Айгүл ТӘШЕТОВА,
журналист.
Тайынша қаласы.