Ұлы Отан соғысынан кейін өмірлерін қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күреске арнаған ардагерлер әрқашан жастарға үлгі. Полицейлер ардагерлерге әрдайым көңіл бөліп, елеулі мерекелермен құттықтауды игі дәстүрге айналдырған. Қарттар күнінде тәртіп сақшылары ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтады.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев бастаған тәртіп сақшылары алдымен соғыс ардагері 102 жастағы Джура Кобелевтің үйінде болды. Джура Кобелев 1917 жылы 2 мамырда Өзбекстанда көпбалалы шаруа отбасында дүниеге келген. Сталинград түбіндегі қанды ұрыстарға қатысқан ол ауыр жарақат алып, Қазақстанда емделген. 1945 жылдан кейін майдангер ішкі істер органдарына қызмет етуге жіберілді. Зейнетке шыққанға дейін ішкі істер органдарында түрлі лауазымдарда еңбек етті.
Осыдан кейін полицейлер майдангер Никита Семеновтың, жаяу әскер қатарында қызмет еткен Григорий Красильниковтің, марқұм майдангердің зайыбы Варига Абильмажинованың шаңырағында болды. Оларды мерекелерімен құттықтаған тәртіп сақшылары мықты денсаулық, балалары мен немерелерінің, шөберелерінің қуаныштарына кенеле берулерін тіледі. Офицерлердің жылы лебіздеріне риза болған ардагерлер алғыс айтты.
Бүгінде облыстық ішкі істер органдарында екі мыңнан астам зейнеткер есепте тұр. Олардың 200-ден астамы жетпісті алқымдаса, бесеуі – Ұлы Отан соғысы ардагерлері.