
Облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, үстіміздегі жылғы жоспарлар сараланды.
Алдымен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельников баяндама жасады. Қазір облыста 14 аумақтық, 564 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Сондықтан жұмыс істеуге барлық мүмкіндігіміз жеткілікті. Алайда, 18698 зейнеткер ардагерлер ұйымының қатарында жоқ. Оның өзіндік себеп-салдары да бар. Әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты көші-қон үрдісі белең алуда. Бұл орайда отырыста Ақжар, Тимирязев, Уәлиханов, Шал ақын аудандарындағы тұрақты комиссиялардың жұмысы сынға алынды. Дегенмен, бастауыш ардагерлер ұйымы қанша тырысқанымен, тимуровшылар командасын құру, қарттарға шипажайларда демалуға жолдама беру мен өзге де әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекеттік ұйымдардың қолдауы қажет.
Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ардагерлер ұйымының қызметін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен тиімді үйлестіру ерекше маңызға ие. Петропавл қаласы, Тимирязев, Мамлют, Жамбыл, Есіл аудандарының ардагерлер кеңесі ұйымдастырған патриоттық мазмұндағы шаралар атаулы мейрамға қызу дайындық пен ерекше жауапкершілікті аңғартады. Алдағы уақытта өтетін “Жеңіс – 75” облыстық байқауын да осындай жауапкершілікпен өткізуге тиіспіз.
Қоғаммен байланыс орнатудың қазіргі заманғы әдістерін тәжірибеге енгізуде жұмыстың тиімділігі артуда. Бұл мәселеге отырысқа қатысушылардың назарын аударған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин Мағжан Жұмабаев, Тайынша аудандарының веб-сайттарының жұмысына жақсы баға беріп, әлеуметтік желілердің мүмкіндігіне тоқталды. Өкінішке қарай, бірнеше аудандық ардагерлер ұйымдарының ғана өз сайттары бар. “Волонтер жылы” ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар ардагерлер ұйымының жұмысына шығармашылық көзқарас танытуға, уақыт көшінен қалмаған халқымыздың игі дәстүрлерін жандандыруға ықпал етеді. Мәселен, ежелгі заманнан бүгінге дейін сақталған дәстүрлердің бірі – асар. Яғни, заманауи тілмен айтқанда волонтерлік көмек көрсету. Мұндай қайырымдылық шараларына аға буын өкілдері жиі қатысады. Болат Сағындықов, Юрий Краснопер, Александр Фролов сынды қайырымдылықпен айналысатын бірқатар азаматтардың есімдерін атап өткен жөн. Отырысты қорытындылаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов алдағы жұмыстары жайлы айтып, Мағжан Жұмабаев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықовқа “Еңбек ардагері” медалін табыс етті. Ал Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қалиев орталық ардагерлер кеңесінің “Құрмет белгісі” төсбелгісімен марапатталды. Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы бірқатар ауылдық округтерге қарасты бастауыш ардагерлер ұйымдары мен Мамлют ауданындағы Новомихайловка ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Лидия Майердің есімі облыстық ардагерлер кеңесінің құрмет кітабына енгізілді.
Марат ЕРМҰҚАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз
хатшысы.
СУРЕТТЕ: Е.Елеусізовтің О.Сағындықовты марапаттау сәті.