Еліміздің медицина саласындағы биылғы айтулы оқиға – Қазақстан Республикасының қан қызметінің құрылғанына 80 жыл толуы.
Соған орай Алматыда Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, жиынға еліміздің өңірлерінен және Алматы мен Астана қалаларынан осы салада көп жылдар еңбек еткен мамандар шақырылды.
Оған біздің облысымыздан 1985 жылдан, зейнетке шыққанша, 2007 жылға дейін облыстық Қан орталығының бас дәрігері қызметін атқарған Сартай Қоспанов та қатысып қайтты.
Конференцияда еліміздегі денсаулық сақтаудың ең қиын да күрделі, азаматтардың өміріне аса қажетті саласының бүгінгі жағдайы және болашақтағы дамуы келелі әңгімелер арқауына айналды.
Осы басқосуда еліміздің Қан орталықтарында қызмет атқарып жүрген таңдаулы бес дәрігерге «Қазақстанның денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді. Солардың бірі – жерлесіміз Сартай Қоспанов.
Оның осы қуанышын ардагер әлі де еңбек етіп жүрген облыстық Қан орталығының ұжымы, одан үлгі алатын жастар бірге бөлісіп, Сартай Бікәнұлына игі тілектерін арнады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».