Өңіріміздегі білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Әбілдинов ардагер ұстаздардың бір тобымен бейресми түрде кездесу ұйымдастырды. Кездесу барысында білім саласындағы өзгерістер тілге тиек етілді.
Осындай кездесу 2013 жылы да өткізілген. Одан бергі уақытта департамент штаты қысқарып, қазір онда еңбек етіп жүрген 9 адамға бар жауапкершілік жүктелген. Бір аптаның ішінде 8-9 мекеме аттестаттаудан өтеді. Сондықтан жұмыс кестесі өте тығыз. Алайда, оларға мектеп директорларының орынбасарлары мен педагогтерден құралған сарапшылар көмектеседі. “2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында 47 пайыз мекеме аттестаттаудан өткізілсе, биылғы сәйкес мерзімде мектептердің 70 пайызы одан сәтті өтті. Бұдан мектептердің стандарттарды орындауға деген көзқарасы өзгергенін байқауға болады. Мектептер өз жұмыстарына әлдеқайда жауапкершілікпен қарайтын болды. Олар құжаттарды толтыруда, оқу үдерісінде, сабақ кестелерін жасауда, барлық нормативтік құжаттардың есебін жүргізуде мұқият болып, заң бұзушылықтар жібермей, сауаттырақ бола бастағаны байқалады”, – деді Ерлан Әбілдинов.
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының әкімшілік-ұйымдастыру мәселелері бойынша басқармасының басшысы Айна Қарабатырова қазір білім беру жаңа форматта жүзеге асырылып жатқанын айтты. Соған байланысты мұғалімдер деңгейлік курстардан өтіп, біліктіліктерін арттыруда. Бұған дейін өткізілген халықаралық “PISA” зерттеуіне 64 ел қатысып, соның ішінде Қазақстан 56-шы орынға табан тіреген. 2015 жылы аталмыш зерттеу тағы өтеді. Қазір оқушыларды халықаралық “PISA” зерттеулеріне даярлау үшін мұғалімдердің өздері курстардан өткізілуде. Институтта оған барлық жағдай жасалған. Ресей, Қырғызстан, Украина, тағы басқа да мемлекеттердің тәжірибелерімен алмасып, онлайн сабақтар өткізіледі.
Ардагер ұстаз Раиса Полищукті облыс орталығындағы кейбір мектептердің аттестаттаудан өте алмай қалу себебі және олардың басшыларының неге әлі сол қызметте жүргендігі қызықтырды.
Ерлан Әбілдиновтің айтуынша, ондай мектептер өздерін тым жоғары бағалап жіберген. Ал тексеру кезінде білімдерін дәлелдей алмаған. Мектептерде сапаны көтеру бойынша талдау жұмысы жүргізілмейді.
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың бұрынғы басшысы Валентина Кондратова: “Балалар үйіне Айыртау ауданындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттан келетін орыс балалары қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Басқа жерлерден келетіндер мен өзімізде оқитындар олай емес. Бізде мемлекеттік тілді оқыту дұрыс жолға қойылмай келеді. Айыртау ауданындағы мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдерінің тәжірибелері бізде де таратылса”, – деді.
Кездесуге келген ардагер ұстаздар мектептегі білім сапасының төмендігі, оқушыларға берілетін үй тапсырмасының көптігі туралы, тағы басқа да көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.